ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Instagram желісіндегі парақшасында Алматыда жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан фельдшер туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Әлназарова әріптесінің қаза тапқаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
«Жедел медициналық жәрдем фельдшері Насиба Мұхтарқызы Жаңабаеваның қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым.
Насиба небәрі 23 жаста еді, төрт ай бұрын ғана Алматы қаласының Жедел жәрдем қызметіне жұмысқа тұрған болатын. Осы қысқа уақыт ішінде ол өз міндетіне жауапты, адал, жанашыр, әрқашан көмек көрсетуге дайын медицина қызметкері ретінде танылды.
Насиба Мұхтарқызының туған-туыстарына, жақындарына, әріптестеріне және Алматының бүкіл медициналық қауымдастығына қайғырып көңіл айтамын», - деп жазды министр.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 3 желтоқсан күні болған жол апаты салдарынан 5 адам зардап шеккен, жедел жәрдем қызметінің фельдшері қайтыс болған. Науқастар дәрігерлердің бақылауында.
Естеріңізге салсақ, елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан жарақат алған фельдшер ауруханада қайтыс болған еді.