Референдум-2026

Металлургия – экономиканың берік тірегі: Сарапшы саланың стратегиялық маңызын атады

Металлургия – экономиканың берік тірегі: Сарапшы саланың стратегиялық маңызын атады
Фото Индира Нұрланның жеке мұрағатынан

Металлургия – Қазақстан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бұл сала ішкі жалпы өнімнің өсіміне, экспорттық әлеуеттің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына елеулі үлес қосып келеді. Бұл туралы өнеркәсіп саясаты мен импортты алмастыру жөніндегі сарапшы Индира Нұрлан айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сарапшының айтуынша, Конституция қабылданғаннан кейін Қазақстанның экономикалық даму бағыты жаңа серпін алды. Мемлекет басшысы Үкімет алдына инвестициялық ахуалды жақсарту, жасанды интеллект негізіндегі инновациялық кластерлерді дамыту және жоғары бөліністегі өнім өндірісін кеңейту міндеттерін қойған.

«ІЖӨ өсімінде өңдеу өнеркәсібінің орны ерекше. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биыл қаңтар-маусым айларында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 9,8 пайызды құрады. Бұл көрсеткіште тау-кен және металлургия кешенінің үлесі айрықша. Себебі аталған сала республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісін қалыптастыруда, салық түсімдерін арттыруда маңызды рөл атқарады», – деді Индира Нұрлан.

Оның сөзінше, кейінгі бес жылда өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторларындағы өндірістің орташа жылдық өсімі долларлық мәнде 11,2 пайызға жеткен. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 12,1 пайызды құрады. Сонымен бірге жоғары технологиялық өндірістердің үлесі 20,7 пайыздан 27,6 пайызға дейін өскен.

«Бүгінде отандық тау-кен металлургия кешені еліміздің ІЖӨ-нің шамамен 8 пайызын қамтамасыз етіп, 220 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік өнеркәсіп саясаты жоғары қайта бөліністегі металлургияны дамытуға бағытталған. Бұл қосылған құны жоғары өнім көлемін арттыруға, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге және шикізатқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді», – деді сарапшы.

Индира Нұрланның айтуынша, былтыр Қазақстанда шикізатты терең өңдеуге бағытталған бірқатар жаңа металлургиялық кәсіпорын іске қосылды. Олар мұнай-газ саласына арналған құбырлар, ферроқорытпалар, арнайы қорытпалар мен басқа да металл өнімдерін шығаруға мүмкіндік берді.

«Металлургия – экономиканың жүйе құраушы саласы. Оның дамуы машина жасау, құрылыс, мұнай-газ, энергетика, көлік инфрақұрылымы және қорғаныс өнеркәсібіне тікелей әсер етеді. Бүгінде мыс, ферроқорытпа, мырыш және алюминий өнімдері Қазақстан экспортының маңызды бөлігін құрап отыр», – деді ол.

Сарапшының пікірінше, мемлекеттік өнеркәсіп саясатының негізгі басымдықтарының бірі – шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға көшу.

«Алдағы кезеңде жіксіз және дәнекерленген құбырлар, алюминий мен мыс илемдері, кабель-өткізгіш өнімдері, тот баспайтын және арнайы болаттар, теміржол өнімдері, сондай-ақ машина жасау мен құрылыс саласына арналған компоненттер өндірісін дамыту көзделіп отыр», – деді Индира Нұрлан.

Оның айтуынша, металлургия Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің ең ірі салаларының бірі саналады. Бүгінде оған өндіріс көлемінің шамамен 40–41 пайызы тиесілі. Сонымен қатар салық түсімдері көлемі бойынша да металлургия өңдеу өнеркәсібіндегі көшбасшы салалардың қатарында.

«Кәсіби мереке қарсаңында металлургия саласында еңбек етіп жүрген барша мамандарды құттықтаймын. Ел экономикасының орнықты дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін алғыс айтып, жауапты еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін», – деп түйіндеді Индира Нұрлан.