Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы қашан тағайындалмайды

Кәмелетке толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы қашан тағайындалмайды
Фото: pexels.com

Кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау кезінде Қылмыстық кодексте белгіленген арнайы талаптар сақталуы тиіс. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қылмыстық заңға сәйкес, 18 жасқа толғанға дейін қылмыс жасаған адамдарға жаза тағайындаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Соның бірі – бас бостандығынан айыру жазасына қатысты.

Атап айтқанда, кәмелетке толмаған адам қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған жағдайда оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Адам өліміне әкеп соқпаған ауырлығы орташа қылмысқа қатысты да осы талап қолданылады. Бұл норма Қылмыстық кодекстің 81-бабында көзделген.

Бұл талап кәмелетке толмаған адамның бірден бірнеше қылмыс жасаған жағдайында да ескерілуі керек.

Бас прокуратураның мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында осындай қылмыстық іс қаралған. Кәмелетке толмаған сотталушы бірнеше қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған. Ауыр қылмыстары үшін жаза тағайындалғанымен, онша ауыр емес қылмысы үшін оған қосымша 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген.

Істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде прокурор кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық заңда белгіленген арнайы талапқа назар аударған.

Нәтижесінде онша ауыр емес қылмыс бойынша тағайындалған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы 50 сағат қоғамдық жұмыстарға ауыстырылған. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Бас прокуратура кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау кезінде олардың жасымен қатар тұрмыс және тәрбие жағдайы, психикалық даму деңгейі және жеке басының өзге де ерекшеліктері ескерілуі тиіс екенін атап өтті.

«Сонымен қатар әрбір іс бойынша тәрбиелік ықпалы бар шараларды қолдану мүмкіндігі қарастырылуы қажет. Яғни кәмелетке толмаған адамның басқа, неғұрлым ауыр қылмыс жасағаны оның онша ауыр емес қылмыс бойынша заңда белгіленген арнайы кепілдіктерден айырылуына автоматты түрде негіз болмайды», – деді Бас прокуратурадан.

Бұған дейін мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланғанын жаздық.