Жамбыл облысында үнді қарасорасы өсірілген алқапты полиция дрон арқылы анықтады
Жамбыл облысында құмды алқапқа жақын аумағында автономды электр қуатымен жабдықталған және суару жүйесімен қамтылған үнді қарасорасы өсірілгені алқап табылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жасырын алқапты анықтау үшін әуеден дрон барлауы қолданылды, күдікті қылмыс жасау үстінде ұсталды.
Ол – бұрын бірнеше рет сотты болған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны. Есірткіні өңдеп және басқа өңірлерге көтерме бағамен сатуды көздеген.
Тінту барысында жалпы салмағы 438 келі болатын биіктігі екі метрден астам 50 түп қарасора, қаптама материалдар және арнайы агротехникалық жабдық тәркіленді.
Жедел қызметкерлердің назарына оқ-дәрілері бар, сериялық нөмірі өшірілген Макаров тапаншасы ілікті. Сондай-ақ 12 калибрлі Байкал мылтығы, оған арналған оқ-дәрілер және есірткі тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын автокөлік тәркіленді.
«Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 300 және 287-баптары бойынша есірткі өсімдігін өсіру және заңсыз қару сақтау фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген хабарламада.
Ірі есірткі алқабын жою бойынша арнайы операцияны «Қарасора – 2026» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері Ұлттық ұлан әскерилерімен бірігіп жүргізді.
Еске сала кетсек, таяуда талдықорғандықтан 6,5 келі гашиш тәркіленді.