Жазда ақылы жолдармен 25,8 млн сапар жасалды

Жазда ақылы жолдармен 25,8 млн сапар жасалды
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ

2026 жылдың 1 маусымы мен 31 тамызы аралығында Қазақстандағы республикалық маңызы бар 28 ақылы автожол учаскесімен 25,8 миллионнан астам сапар жасалды. Бұл туралы Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаздың үш айында ақылы жолдардағы тәуліктік орташа трафик шамамен 281 мың көлікті құрады.

Көлік қозғалысы ең жоғары бағыт – Алматы – Қонаев учаскесі. Мұнда 4 млн 310 мыңнан астам көлік жүріп өткен.

Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыты болды. Бұл учаскеде 2 млн 682 мың көлік тіркелген. Үшінші орынға Шымкент – Тараз жолы жайғасып, онда 1 млн 872 мыңнан астам көлік жүрген.

Көлік қозғалысы жоғары болған басқа бағыттардың қатарында:

Тараз – Қайнар – 1 млн 815 мың;

Астана – Теміртау – 1 млн 493 мың;

Астана – Щучинск – 1 млн 460 мың;

Шымкент – Қызылорда – 1 млн 408 мың;

Қонаев – Талдықорған – 1 млн 202 мың;

Щучинск – Көкшетау – 1 млн 63 мың;

Тараз айналма жолы – 945 мыңнан астам көлік.

Сұраныс жоғары он ақылы учаскенің өзінде 18,2 миллионнан астам көлік жүріп өткен. Бұл барлық ақылы жолдардағы жазғы трафиктің шамамен 71 пайызына тең.

«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, көлік қозғалысының географиясы ірі қалаларды байланыстыратын бағыттармен қатар, туристік және демалыс орындарына апаратын жолдарға да сұраныс жоғары екенін көрсетеді. Олардың қатарында Алматы – Қонаев, Астана – Щучинск, Щучинск – Көкшетау, Қарағанды – Балқаш, Қызылорда – Арал және Үшарал – Достық бағыттары бар.

Компания жол инфрақұрылымын дамыту, автожолдарды салу, қайта жаңарту, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жалғастырып келеді. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдардың бойында 1 500-ге жуық жол бойы сервис нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында жанармай құю станциялары, тамақтану орындары, қонақүйлер, демалыс орындары және санитарлық нысандар бар.

Бұдан бөлек, автожолдар бойында электромобильдерге арналған 60-тан астам электр қуаттау станциясы жұмыс істейді.

Естеріңізге салсақ, биылғы сегіз айда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның автоматтандырылған өлшеу станциялары көлік құралдарының рұқсат етілген салмағына қатысты 870 мыңға жуық ықтимал заң бұзушылықты тіркеген болатын.