Алматы дәрігерлері 33 жастағы пациенттің көзін сақтап қалды
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының дәрігерлері ауыр кератоконус диагнозы қойылған 33 жастағы пациентке мөлдір қабық трансплантациясын жасап, оның көзін сақтап қалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бес ай бұрын жас жігітке IV дәрежелі кератоконус диагнозы қойылған. Аурудың үдеуіне байланысты оның көру қабілеті айтарлықтай төмендеп, мөлдір қабықты трансплантациялау қажет болған.
Күрделі операцияны аурухананың офтальмология бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимова жасады.
Операциядан кейін бес ай өткен соң пациент бақылау тексеруінен өту үшін ауруханаға қайта келген. Мамандар мөлдір қабықтың жағдайын оң бағалады. Жас жігіт көрсетілген медициналық көмек үшін дәрігерге және медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«Біз үшін әр операцияның артында нақты адамның тағдыры тұр. Әсіресе, жас пациенттерге көру қабілетін сақтап, толыққанды өмір сүруіне, білім алуына, еңбек етуіне және болашаққа жоспар құруына мүмкіндік беру аса маңызды», – деді Гүлзат Абдраимова.
Мөлдір қабық трансплантациясы – офтальмохирургиядағы күрделі операциялардың бірі. Ол мамандардың жоғары біліктілігін, заманауи хирургиялық технологияларды және операциядан кейінгі ұзақ бақылауды қажет етеді.
Ауруханада мұндай операциялар донорлық бағдарлама аясында жүргізіледі. Жыл басынан бері медицина мамандары 15 мөлдір қабық трансплантациясын жасаған.
Бұған дейін Алматыда дәрігерлер жаңа туған нәрестеден 2 келі ісікті алып тастағанын жаздық.