Мерген Ислам Сәтпаев Азия чемпионатының жеңімпазы атанды

Бүгін, 15:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мерген Ислам Сәтпаев Азия чемпионатының жеңімпазы атанды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының әскери қызметшісі, спортшы-нұсқаушы, лейтенант Ислам Сәтпаев Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында өтіп жатқан құрлықтық біріншілікте нысана көздеуден Азия чемпионы атанды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі винтовкамен жатып нысана көздеу сайысында жеңіске жетті.

Осы бағдарламада Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Никита Шахторин күміс медаль иеленді. Ал командалық бәсекеде Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин және Константин Малиновский үздік нәтиже көрсетіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.

Жалпы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы үш алтын, екі күміс медаль жеңіп алып, құрлықтағы ең мықты командалардың бірі екенін тағы бір дәлелдеді.

Биылғы додаға құрлықтың 20 елінен 300-ден астам спортшысы қатысып жатыр. 

Айта кетейік, құрлықтық біріншілік 13 ақпанда аяқталады. 

Бұған дейін Қазақстан қысқы Олимпиада жүлдегеріне ең көп сыйақы беретін ТОП-3 мемлекеттің қатарына кіретінін жаздық.