Қазақстан Олимпиада жүлдегеріне ең көп сыйақы беретін ТОП-3 мемлекеттің қатарына кіреді
Милан мен Кортина қаласындағы қысқы Олимпиада ойындарында күнделікті әр елдің спортшысы жүлде алып, әлеуметтік желінің қаһарманына айналып жатыр. Ал сол спортшылар өз елінде лайықты марапаттала ма? Осы сұрақ төңірегінде Elordainfo.kz тілшісі қарастырып көрді.
Милан-2026 Олимпиадасына аттанған 36 отандасымыз әзірше жанкүйерлерімізді қуанта алмай жатыр. 4 жарыс күнінің қорытындысы бойынша, ең жоғары көрсеткішті конькимен жүгіруден Надежда Морозова (6-орын) тіркеді.
Қазақстан қанша сыйақы береді?
Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне, спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық командаларының жаттықтырушылары мен мүшелеріне ақшалай көтермелеу мөлшерін бекіту туралы заңға назар аударсақ, нәтиже көрсеткен спортшы мен бапкер төмендегідей сыйақыға ие болады:
Алтын медаль иегерлеріне 250 мың доллар, күміс жүлдегерлерге – 150 мың доллар, қола жүлдегерлерге 75 мың доллар беріледі. Сонымен қатар, төртінші, бесінші және алтыншы орындар үшін сәйкесінше 30, 10 және 5 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы қарастырылған.
Одан бөлек, чемпиондарға 3 бөлмелі пәтер, күміс жүлдегерге – 2 бөлмелі пәтер, қола жүлдегерге 1 бөлмелі пәтер беру қарастырылған. Сыйақы бұнымен шектелмейді. Олимпиада жүлдегері мен оны дайындаған жаттықтырушыға өмір бойы 100 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде айлық төленеді.
Шет елдердегі жағдай қалай?
Ең бірінші орында Сингапур орналасқан. Олар алтын медаль иегеріне 788 мың доллар, күміс жүлдегерге – 394 мың доллар, қола жүлдегерге 197 мың доллар береді. Әйтсе де бұл ел өз тарихында небәрі екінші мәрте қысқы Олимпиадаға қатысып жатыр. Миланға тау шаңғысынан 23 жастағы Фаиз Баша ғана жолдама алған.
Екінші орын Гонконгқа тиесілі. Олар алтын медаль иегеріне 767 мың доллар, күміс жүлдегерге – 383 мың доллар, қола жүлдегерге 191 мың доллар береді. 2002 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келе жатқан Гонконгқа әзірше еш жүлде бұйырмаған. Олар үшін Милан Олимпиадасының басты ерекшелігі – өз тарихында ең көп 4 спортшысы жүлдеге таласуға мүмкіндік алды.
Үшінші орында Қазақстан орналасқан. Ал жарыстың басты фавориті саналатын Норвегия жүлдегерлеріне соқыр тиын да ұстатпайды. Әйтсе де олардың қатарында тарихты жаңартып жатқан спортшылар саны көп. Ең көп 233 спортшысын әкелген АҚШ экономикасы қуатты болса да, сыйақы жағынан небәрі 15-орында тұр. Ол жақта алтын медаль иегерлеріне 37,500 доллар, күміс жүлдегерлерге – 22,500 доллар, қола жүлдегерлерге 15 мың доллар беру қарастырылған.
