Коллекторлар қалай жұмыс істейді, ал қарыз алушының қандай құқығы бар
Коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл тәртібі Қазақстанда «Коллекторлық қызмет туралы» заңмен реттеледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің мәліметінше, банк пен микроқаржы ұйымдары қарыз алушыны төлем мерзімі өткеннен кейін 10 күн ішінде хабардар етіп, қарызды қайта құрылымдау мүмкіндігін ұсынуға міндетті.
Егер берешек 90 күннен асып, реттелмесе, кредитор қарызды коллекторлық агенттікке сотқа дейінгі өндіріп алуға беруі немесе құқықты басқа тұлғаға беруі мүмкін. Алайда 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген мораторийге сәйкес, азаматтардың кредиттері бойынша қарызды коллекторларға сатуға уақытша тыйым салынған. Бұл шектеу 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылған.
Яғни осы кезеңде қарызды тек қайта құрылымдау, айыппұл мен өсімпұлды кешіру немесе сотқа дейінгі тәртіпте реттеу арқылы шешуге болады.
Қарыз алушының негізгі құқықтары
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, азаматтар:
қарыз құрылымы мен сомасы туралы толық ақпарат сұратуға; өзіне ыңғайлы байланысу тәсілін таңдауға; коллектор әрекеттерін тіркеуге (жазып алуға); қарызды сотқа дейін реттеуге немесе даулауға; бұзушылықтар болса, Агенттікке шағымдануға құқылы.
Коллекторлармен байланыс ережесі
Заңға сәйкес, коллекторлар борышкермен:
жұмыс күндері 08:00–21:00 аралығында ғана байланыса алады; күніне 3 реттен артық қоңырау шала алмайды; жеке кездесулер саны шектелген (күніне 1 рет, аптасына 3 рет).
Әрбір байланыс кезінде коллектор өзін және ұйымын толық таныстыруға міндетті.
Тыйым салынған әрекеттер
Коллекторларға азаматтарға қысым көрсетуге, қорқытуға, жалған ақпарат таратуға, ар-намысқа нұқсан келтіруге немесе заңсыз тәсілдер қолдануға қатаң тыйым салынған.
Заң бұзылса не істеу керек?
Азаматтар коллекторлық агенттіктің заңсыз әрекеттері бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағымдана алады. Агенттік әрбір арыз бойынша тексеріс жүргізіп, заң бұзушылық расталған жағдайда тиісті шара қолданады.
Мемлекеттік тіркеуден өткен коллекторлық агенттіктердің тізімі Агенттіктің ресми сайтында қолжетімді. Қосымша ақпарат Fingramota.kz порталында жарияланған.
Бұдан бұрын борышкерлер коллектормен қалай сөйлесуі керектігі жөнінде кәсіби заңгер Ғайни Абылқасовамен сұхбат құрған болатынбыз.