ІІМ бопсалаудың алдын алу шараларын күшейтіп жатыр

Бүгін, 13:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ІІМ бопсалаудың алдын алу шараларын күшейтіп жатыр
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі бопсалаудың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі профилактикалық жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап. 

Уақытылы жүргізілген жедел-профилактикалық шаралардың нәтижесінде тіркелген бопсалау фактілерінің саны 15% төмендеді. Сонымен қатар аталған қылмыстардың ашылу көрсеткіші іс жүзінде жүз пайыз деңгейінде сақталып отыр.

Мәселен, Абай облысында профилактикалық және жедел жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы тұрғындарынан ақша бопсалаумен айналысқан алты адамнан тұратын қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралар олардың одан әрі заңсыз әрекеттер жасауына жол бермеді. Барлық күдікті ұсталды.

Павлодар облысында студенттерден ақша бопсалады деген күдікпен екі адам дер кезінде қолға түсті. Полицияның жедел әрекеттері жәбірленушілерге жасалған қысымды тоқтатып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Алматы облысында әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылған бопсалау схемасының жолы кесілді. Полиция қызметкерлерінің уақтылы араласуы қылмыстың әрі қарай жалғасуына жол бермеді. Іске қатысы бар барлық адамдар ұсталып, қамауға алынды.

ІІМ бопсалаудың алдын алу, ескерту және дер кезінде жолын кесу ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтеді.

Полиция азаматтарды бопсалау және өзге де заңға қайшы әрекеттер фактілері туралы дереу хабарлауға шақырады. Уақытылы жүгіну қылмыстардың алдын алуға және азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға ықпал етеді.

Еске салайық, бұған дейін елордалық оқушыларға буллинг пен бопсалау жауапкершілігі түсіндірілгені туралы жаздық.