Астанада таңғы уақытта «102» нөміріне бір тұрғын үй кешенінде қыздың биіктен секірмек болғаны туралы қоңырау түскен, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қауіптің жоғары деңгейін ескерген патрульдік полиция полкі қызметкерлері оқиға орнына дереу жетіп, жағдайды толық бақылауға алып, азаматшаның өмірін сақтап қалу үшін жедел шаралар қолданды.
«Алғашқы болып оқиға орнына полиция инспекторлары Жалғасбек Әбдуалиев пен Абзал Молдашев барды. Пәтердің есігін ашқан сәтте олар бесінші қабаттағы терезеге шығып, сыртқа секірейін деп тұрған 27 жастағы қызды көрді. Сәл кешіккенде, ол төмен құлап кетуі мүмкін еді. Жағдайдың маңызын дұрыс бағалаған Жалғасбек Әбдуалиев қызбен дереу психологиялық байланыс орнатты», - делінген хабарламада.
Ол сабырлы дауыспен сөйлесіп, оның назарын теріс ойлардан басқа жаққа аударуға және эмоционалдық күйзелісті төмендетуге тырысқан. Сәті түскен кезде тәртіп сақшысы қызды қауіпсіз жерге қарай тез әрі абайлап тартып алып, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Қазіргі уақытта қызға психологтар көмегі көрсетіліп жатыр, болған оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада есірткі таратып жүрген ер адам ұсталған болатын.