Астанада «Заң және тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысының алдын алу үшін тексеру жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тексеру барысында ер адамның негізгі жұмысы қаржы саласына байланысты екені анықталды. Ол елордалық кәсіпорындардың бірінде қаржыгер болып қызмет еткен. Алайда қосымша табыс табу ниетімен ол өзіне заңсыз қосымша жұмыс тапқан.
Демалыс күндері күдікті автокөлік жалдап, интернет-дүкен арқылы түскен тапсырыстар бойынша есірткіні жасырып кетуші болып жұмыс істеп жүрген.
«Күдіктінің көлігін тінту кезінде изолентаға оралған 14 түйіншек табылды.
Сондай-ақ оның қаладағы әртүрлі орындарға тағы 10 түйіншек қойып үлгергені анықталды.
Табылған кристалл тәрізді зат – альфа-PVP тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Полиция есірткі таратуға, оның ішінде есірткіні жасырын қойып кетуші болып жасауға қатысу көбіне жеңіл табыс ретінде ұсынылғанымен, соңы ауыр қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
Айта кетейік, жыл басынан бері елордалық полиция есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл аясында мектеп оқушылары, студенттер, спортшылар, еріктілер және жастар ұйымдарымен 600-ден аса кездесу өткізді. «Астана жастары» орталығымен бірлескен акциялар барысында 2,5 мыңнан астам наркограффити боялып, тыйым салынған контент таратқан сайттар бұғатталды.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі 10 дропперді анықтаған болатын.