Елорда тұрғыны көлік сатып аламын деп 16 млн теңгесінен айырылып қалды
Астана тұрғыны көлік сатып аламын деп 16 млн теңгесінен айырылып қалды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Екі қылмыскер өздерін шетелден көлік тасымалдайтын делдал ретінде таныстырып, көлік сатып алуға және өзге де шығындарға жәбірленушіні 16 млн теңге аударуға көндірген. Алаяқтар сатып алушымен тек мессенджер арқылы байланысқан. Нәтижесінде жәбірленуші автокөліктен де, ақшадан да айырылып қалды.
«Сот үкімімен кінәлі тұлғаларға 5 жыл және 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің залалды өндіру туралы азаматтық талап арызы қанағаттандырылды. Қала прокуратурасы – алаяқтық үшін мүлікті тәркілеу арқылы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгеніне назар аударады», - деп жазылған Астана қаласының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Бұған дейін алаяқтар астаналық студентті 32 миллион теңгеге алдап кеткенін жаздық.