Алаяқтар астаналық студентті 32 миллион теңгеге алдап соққан
«Заң мен тәртіп» аясында Ұлттық спорт университетінің студенттеріне кибер алаяқтықтан қорғану жөніндегі түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында өткен іс-шарада Астана қаласы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек алаяқтық схемалар туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Алаяқтар өздерін әртүрлі қызмет өкілдері ретінде таныстырып хабарласады. Мысалы, олар сізге мобильді оператор болып хабарласуы мүмкін. Яғни сим-картаңыздың қолдану уақыты аяқталуға жақын екенін айиып, оны созуға ниетіңіздің бар-жоғын біледі. Егер сим-картаңызды жаңасына ауыстыруға ниетті болсаңыз, сізге келген смс кодты айтуыңызды сұрайды. Сол сияқты үлкен кісілерге хабарласып, ертеңгісін талдау (анализ) тапсыруға өтінімді бекітіп қою үшін смс код сұрауы мүмкін. Егер оларға смс код айтылып қойса, банк қызметкері ретінде басқалары хабарласып, сіздің атыңыздан үлкен көлемде кредит рәсімделіп жатқанын айтады. «Егер кредит рәсімдеуге өтінім жіберген сіз болмасаңыз, олар алаяқ болуы мүмкін. Олардың бұл операциясын тоқтату үшін біз сізге код жібереміз, соны айтып жібереміз. Әрі қарай ісіңізді полицияға жолдаймыз» дейді. Бұл жолы да код айтылып қойса, расында осындай операция жүргізіліп жатқанына сендіру үшін сізге полиция формасын киген адам видео қоңырау шалады. Ол жасанды интеллект арқылы жасалуы мүмкін. Артқы жағында Қазақстан Республикасының рәміздері тұрады. Ол сізге алаяқтарды құрықтау үшін арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтып, сізге рәсімделген несиені Ұлттық банктің резервтегі шотына аудара тұруыңызды сұрайды. Егер келіспесеңіз, сіздің өзіңізді алаяқ ретінде қамауға алуға құқылы екендіктерін айтып қорқытуы мүмкін. Шын мәнінде Ұлттық банктің сақтандыру шоты, резервтегі шоты болмайды. Сондықтан мұндайға сенбеңіздер», – деді полиция капитаны.
Оның сөзінше, дәл осы схема бойынша астаналық студенттер қомақты қаражатқа алданып қалған.
«Өкінішке қарай осы схеманың құрбаны болып жатқан адамдар бар. Қазіргі таңда егде жастағы адамдар ғана емес, тіпті студенттер де алданып жатыр. Мысалы, өткенде Еуразия Ұлттық университеті мен Назарбаев университетінің студенттері алданып қалған жағдай тіркелді. Оның бірі 5 миллион теңгеге, екіншісі 32 миллион теңгеге алданып қалған. Сондықтан 1414-тен смс келсе де, оны ешкімге айтпаңыздар. Барынша сақ болыңыздар. Бұл туралы үлкен кісілерге де айта жүріңіздер», – деді Астана қаласы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі.
Бұған дейін оның шотыңызға бейтаныс адамнан түскен қаражатты қалай қайтару керектігін айтқанын жаздық.