Шотыңызға бейтаныс адамнан түскен қаражатты иесіне қалай қайтару керек

Шотыңызға бейтаныс адамнан түскен қаражатты иесіне қалай қайтару керек
Фото: Сұлтан Сейіт

Егер бейтаныс адамнан шотыңызға қаражат келіп түссе, оны аударма жасау арқылы қайтармаңыз. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек «Заң мен тәртіп» аясында Қазақ ұлттық спорт университетінің студенттерімен кездесу кезінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Егер бейтаныс адам сізге «қателесіп аударып алдым, ақшаны мына нөмірге аударып жіберіңізші» деп хабарласса, ол айтқандай орындамаңыз. Егер сіз аударып қойсаңыз, тергеу кезінде куәгер ретінде жауап бересіз. Себебі олар алаяқтар болып шықса, сіз арқылы қаражатты өздерінің транзиттік шоттарына аударып алады. Сондықтан бейтаныс адамның ондай өтінішіне келіспеңіздер. Егер қаражатты басқа адам шынымен де шатасып аударса, оның ақшасын аударма жасамай, банк арқылы ресми түрде қайтарған дұрыс», – деді Айдар Қонысбек.

Бұған дейін елордадағы Спорт университетінің студенттеріне кибер қауіпсіздік жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жаздық.