Дрондар мен лазерлік кешендер жол қауіпсіздігін бақылауға көмектеседі - полиция
Дрондар, патрульдік автокөліктердегі мобильді кешендер, орташа жылдамдықты бақылау жүйелері және лазерлік кешендер полиция қызметкерлеріне жол жүрісі қағидаларының бұзылуын анықтауға, қауіпті жағдайларға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаевтың сөзінше, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтарға жедел көмек көрсету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде.
«Бұл шешімдер қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тәртіп бұзушыларды анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, ұшқышсыз ұшу аппараттары жол қозғалысын әуеден бақылайды. Олар жылдамдықты асырған және жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзған жүргізушілерді тіркейді. Ең бастысы дрондар құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға көмектеседі.
Патрульдік автокөліктерге орнатылған мобильді кешендер де жол қозғалысын бақылауда маңызды рөл атқарады. Олар көлік ағынының арасынан ұялы телефон қолдану, жаяу жүргіншіге жол бермеу, жылдамдықты асыру және маневр жасау қағидаларын бұзу сияқты деректерді автоматты түрде анықтайды.
Қала сыртындағы жолдарда көліктің орташа жылдамдығын бақылау жүйесі қолданылады. Қазіргі таңда бұл жүйе республикалық маңызы бар 12 негізгі бағытта енгізілген. Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін лазерлік жүйелер пайдаланылуда. Олар түнгі уақытта, ауа райы қолайсыз кезде және жүргізушінің шаршағанын немесе ұйқылы күйде отырғанын анықтауда ерекше маңызды.
Цифрлық технологиялармен қатар жолдың жүру бөлігін жасанды түрде тарылту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл жүргізушілердің жылдамдықты төмендетіп, жолға мұқият назар аударуына ықпал етеді.
Аталған шаралардың барлығы азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған. Біз үшін әрбір жүргізуші мен жолаушының жолда өзін қауіпсіз сезінуі маңызды», - деді ол.