Алматыда 250 км/сағ жылдамдықпен түнгі жарысқа қатысқан көлік жүргізушісі ұсталды

Бүгін, 10:53
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Алматыда 250 км/сағ жылдамдықпен түнгі жарысқа қатысқан көлік жүргізушісі ұсталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Алматыда жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, оның ішінде қауіпті жүргізу фактілері және түнгі жарыстар көбейген. Полиция департаменті өкілдері жол жүру ережесін бұзу жауапкершілігі туралы ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жолдағы жағдайды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында саптық бөлімшелер тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Соңғы үш тәулік ішінде қала жолдарында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Мас күйінде көлік жүргізген 43 жүргізуші ұсталып, барлығы көлік жүргізу құқығынан шеттетілді. Сонымен қатар 369 азаматтың көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны белгілі болды. 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция қызметкерлері қауіпті жүргізу, оның ішінде түнгі жарыс деректерін анықтап, жолын кесті. Бұдан бөлек жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді.

Ведомство мәліметінше, кейбір жүргізушілер құқық бұзушылық жағдайларын әдейі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялау арқылы жазасыздық сезімін қалыптастыруға тырысады. Алайда әрбір осындай дерек бақылауда, құқық бұзушылар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады.

«Соңғы резонансты жағдай Алматыда тіркелді. Жүргізуші әл-Фараби даңғылында автокөлікті сағатына 250 шақырым жылдамдыққа дейін үдеткен. Оның кім екені жедел анықталып, ұсталды. Оған қатысты бірнеше құқық бұзушылық фактісі бойынша әкімшілік материалдар рәсімделіп, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл – баршаға сабақ болатын жағдай. Барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпті әрекеттерге ермеуге, адамдардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырамын», - дейді ПД өкілі.

Еске салайық, бұған дейін, елордада рейд барысында 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталғаны туралы жаздық.