Елордада рейд барысында 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды

Бүгін, 14:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада рейд барысында 500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды
Фото: Астана қаласы полиция департаменті

Астанада республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Іс-шара аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында рейдтер жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлерінен арнайы мобильді топтар құрылып, олар аулаларды, саяжай алқаптарын, жалдамалы пәтерлерді және шетел азаматтары болуы мүмкін орындарды тексеруде. Іс-шараның басты мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтау және қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту.

«Рейдтің алғашқы күнінде шамамен 500 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 80-нен астамы қоғамдық орындарда алкоголь ішіп, мас күйде жүргендер болса, 200-ден астамы тіркеусіз тұру деректері. Сондай-ақ 70-ке жуық көші-қон заңнамасын бұзу жағдайы тіркелді» - делінеді хабарламада.

Қазіргі уақытта жедел-профилактикалық іс-шара жалғасуда. Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырды.

Еске салсақ, Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 1,4 мың шетелдік жауапкершілікке тартылды.