Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 1,4 мың шетелдік жауапкершілікке тартылды

Бүгін, 12:56
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада көші-қон заңнамасын бұзған 1,4 мың шетелдік жауапкершілікке тартылды
Фото: freepik.com

Астанада көші-қон заңнамасын бұзу деректері бойынша 1400 шетелдік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

«Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер мен рейдтік іс-шаралар барысында көші-қоны саласындағы заңнаманы бұзу деректері анықталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы бойынша шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1400 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдаушы жеке және заңды тұлғалардың көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша Қазақстан Республикасының 432 азаматы жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып шетелдік жұмыс күшін және еңбек иммигранттарын тарту деректері де анықталды. ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша мұндай құқық бұзушылықтарға жол берген 32 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен 250 шетелдік Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды. Оның ішінде 57 шетелдік мәжбүрлі түрде ел аумағынан шығарылды.

Полиция департаменті азаматтарды және елорда қонақтарын Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Шетел азаматтарын қабылдайтын тұлғалар олардың уақытылы тіркелуін және ел аумағында заңды негізде болуын қамтамасыз етуі тиіс.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталғаны туралы жаздық.