Маңғыстауда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды

Бүгін, 16:36
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Маңғыстауда заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды
Фото: видеодан скрин/polisia.kz

Ішкі істер министрлігі заңсыз көші-қон арнасын жою бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлады Elordainfo.kz

«19 қаңтарда криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген тергеу жедел іс-шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді.

Ұсталғандардың таяу шет елдердің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Олар өз қызметтері үшін ақшалай сыйақы алып отырған», - делінген хабарламада.

Тінту барысында күдіктілерден 500-ден астам нотариалдық сенімхат, шетелдік төлқұжаттар, жалған құжаттар, байланыс құралдары тәркіленді.

Ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық кодекстің Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ішкі істер министрлігі ескертеді, көші-қон заңнамасының кез келген бұзушылықтары жазасыз қалмайды.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтарға ескерту жасаған болатын.