«Жылы асфальт»: Отандық ғалымдар арнайы технологияны сынақтан өткізіп жатыр
Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары (ҚазжолҒЗИ) республикалық маңызы бар автожолдарда ауа температурасы -10 градуста асфальт төсеуге мүмкіндік беретін арнайы технологияны сынақтан өткізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, арнайы қоспа күн райы суыған кезде де жол құрылысы жұмыстарын жалғастыруға септігін тигізбек. Бұл әсіресе құрылыс маусымы 3-4 айға ғана созылатын еліміздің солтүстік өңірлері үшін маңызды.
Жол құрылысы стандарттары бойынша, асфальт-бетон қоспасының температурасы жол салу кезінде кемінде 125-130 градус болуы керек, ал асфальт тек +5 градустан жоғары ауа температурасында ғана төселуі тиіс. Алайда ғалымдар қоспаны 90 градус температурада дайындап, оны -10 градусқа дейінгі температурада төсеуге мүмкіндік беретін кешенді қоспаны ойлап тапты.
Қоспаны қолдану барысында жол жамылғысының барлық физика-механикалық қасиеттері сақталады. Асфальтты дайындау және тығыздау кезеңдерінде энергия шығыны едәуір азайып, қоршаған ортаға тиетін теріс әсер көрсеткіші төмендейді. Институт мамандары кешенді қоспа битум мен минералды материалдар арасындағы байланысты күшейтетініне де назар аударуда.
Арнайы қоспанының зертханалық сынақтары алдымен Алматыдағы «ҚазжолҒЗИ»-дың лабораториясында жүргізілді. Зертханалық сынақ нәтижесі жаңа қоспа қатал климаттық жағдайда жолдың мерзімінен бұрын тозуын болдырмайтынын көрсетті.
Технология республикалық маңызы бар Күрті-Бұрылбайтал жолында сынақтан өтуде. Егер сынақ сәтті өтсе, бұл технология жол құрылысы маусымын ұзартып, энергия ресурстарына кететін шығынды қысқартып, асфальт-бетонды қыздыруға байланысты көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға мүмкіндік бермек.