Мәжіліс депутаты: Жолдаудағы бастамалар – мемлекетті басқару философиясын өзгертетін қадам

Мемлекет басшысының осы жылғы Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжат болды. Әрбір бағыт нақты шешімге, әрбір бастама жаңа сапаға жетелеуге бағытталған. Мұндай пікірді Мәжіліс депутатыЕрлан Әбдиев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бірінші кезекте мән бергенім – цифрландыру мен инклюзия. Президент алдағы үш жылда Қазақстанды цифрлы мемлекетке айналдыру міндетін қойды. Жасанды интеллект министрлігін құру бастамасы – уақыт талабы. Бұл тек жаңа технология емес, экономиканың барлық саласына серпін беретін стратегиялық реформа. Сонымен қатар Alatau city қаласына арнайы мәртебе беру арқылы инклюзивті орта қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Бұл мен үшін – аса маңызды», - деді депутат.
Оның айтуынша, Жолдауда қамтылған әрбір мәселе заңнамалық өзгерістерді ғана емес, мемлекетті басқару тәсілін де түбегейлі өзгертпек.
«Жолдауда қамтылған өзекті мәселелердің ішінде: инвестициялық саясатты күшейту, инвесторларды қорғау комитетін құру және инвестицияға тікелей Үкімет басшысының жауап беруі; банктер туралы заңды жыл соңына дейін қабылдау, цифрлық теңгені квазимемлекеттік секторға енгізу, әлеуметтік-азық-түлік корпорацияларының өңірлік инвестицияға жауапты болуы, облыстарда «инвестиция индексін» енгізу, әлеуметтік осал топтарға бөлінетін қолдауды тиімді және әділетті ұйымдастыру, өнеркәсіпте жоғары өңдеуді дамыту, көмір өндірісін күшейту, геологияда аэрогеофизиканы жетілдіру, ұлттық әуекарго құру, экспресс-жеткізу қызметін дамыту, құрылыс кодексін қабылдау, Каспий теңізі бойынша мемлекетаралық келісімді әзірлеу, заңнаманы кешенді ревизиялау, мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңарту бар», - деді депутат.
Ерлан Әбдиевтің айтуынша, Жолдауда ең күтпеген әрі батыл шешім – қос палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшу туралы бастама болды.
«Ең күтпеген әрі батыл қадам ол Парламенттің одан әрі реформалануы. Президент Сенатты таратып, бір палаталы Парламентке көшу бастамасын көтерді. Бұл сарапшылар деңгейінде бірнеше жылдан бері талқыланып келгенімен, мемлекеттік деңгейде айтылуы шын мәнінде тарихи шешім. Мұндай қадам бюрократияны қысқартып, заң шығару процесін жеңілдетеді әрі жауапкершілікті арттырады. Жолдауда айтылған әрбір бастама – заң шығару сапасын ғана емес, мемлекетті басқару философиясын өзгертетін қадам. Депутат ретінде бұл реформалардың жүзеге асуына белсенді қатысып, нақты нәтижеге жұмыс істеу мен үшін басты міндет», - деді Ерлан Әбдиев.



