Бас прокуратура Gmail-ге тіркелген азаматтарды сақтыққа шақырды

9 қыркүйек, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
views74
Бас прокуратура Gmail-ге тіркелген азаматтарды сақтыққа шақырды
фото: Оңалхан Өнерхан

Қоғамдық қауіпсіздік пен қылмыстық қатерлерді болжау орталығы және Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті әлемдік интернетті бақылау кезінде Google деректер базасына жасалған шабуылды анықтады. Бұл жағдай Gmail қолданушыларының жеке деректерінің таралуына себеп болған, деп хабарлады Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Хакерлік шабуылды ShinyHunters деп аталатын топ ұйымдастырған. Олар 2,5 миллиардқа жуық аккаунтқа қатысты байланыс деректерін қолға түсірген. Дегенмен, аккаунттардың құпиясөздері ұрланбаған.

Шабуыл әдісі — әлеуметтік инженерия: алаяқтар Google қызметкерін алдап, компанияның IT жүйесіне қол жеткізген. Сонымен қатар олар Salesforce Data Loader қосымшасын заңсыз пайдаланған.

Осы деректерді пайдалана отырып, қылмыскерлер өздерін Google қызметкері ретінде көрсетіп, адамдарға қоңырау шалып, жалған хабарламалар жіберген. Олар Gmail паролін қалпына келтіруді сұрап, пайдаланушылардан растау кодтары мен құпиясөздерді алған.

Қолданушыларға арналған қауіпсіздік кеңестері:

  • Құпиясөзді бірден ауыстыру, әсіресе қарапайым немесе қайталанатындарын.
  • Екі факторлы аутентификацияны қосу немесе заманауи қорғау тәсілдерін (биометрия, PIN) пайдалану.
  • Google атынан деп келетін қоңыраулар мен хаттарға сенбеу — он шақты жағдайдың тоғызында бұл алаяқтық болып шығады.
  • Қолданбалар мен қосылымдарды бақылап, артық рұқсаттарды шектеу.