Астаналық ұстаз: Жолдауда айтылған мәселелер – уақыт талабына сай маңызды бастамалар

Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Осыған қатысты Астана қаласы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлназия Байұлова пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Президенттің бүгінгі Жолдауында айтылған білім саласына қатысты мәселелер – уақыт талабына сай маңызды бастамалар екенін атап айтуға болады. Әсіресе, білім саласына қатысты жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс екенін атап өтті. Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асыру қажеттігін ең алдымен бұл саланы дамыту үшін, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет деді. Ол үшін ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болатынына тоқталды», - деді Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы.
Сондай-ақ педагог «Келешек мектептер» жобасы жайлы пікір білдірді.
«Жолдауда қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу қажеттігі айтылды, мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қашықтан оқыту мен жасанды интеллектке негізделген бұл платформа білім алушыларға сапалы білімге қол жеткізуіне, білім беру теңсіздігін азайтуға және цифрлық сауаттылықты арттыруға жол ашады деді. Нәтижесінде, оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынас жеңілдейді, оқу материалдарын меңгеру процесі жылдам әрі тиімді болатынын айтты. «Келешек мектептер» жобасы – білім беру үдерісіне инновация мен цифрлық мүмкіндіктерді енгізудің нақты қадамы. Президент бұл жоба аясында оқу кабинеттері жаңартылып, жаңа технологиялармен жабдықталып, интерактивті құралдар мен цифрлық ресурстар қолжетімді болу қолға алынатынын айтты», - деді Гүлназия Сабырқызы.



