«Спорт - есірткіге қарсы»: астаналық оқушылар спорт жәрмеңкесіне қатысты

Бүгін, 14:35
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views56
«Спорт - есірткіге қарсы»: астаналық оқушылар спорт жәрмеңкесіне қатысты
Фото: Elordainfo.kz/Қанат Байұзақов

«Заң және Тәртіп» нарративі мен «Жас үміт» жобасы аясында Сарайшық ауданы прокуратурасының үйлестіруімен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Өз бағытыңды таңда!» ұранымен №113 мектепте спорт жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мектеп оқушыларына спортты таңдау есірткі сынды зиянды әдеттерден алшақ жүріп, бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда  Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы қарамағында 19 ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Барлық спорт мектептерінде жаттығулар тегін жүргізіліп, 62 спорт түрі (олимпиадалық, олимпиадалық емес және ұлттық) қамтылған.

Осы орайда бастауыш және 9-11 сынып аралығындағы 200-ден астам оқушы елорданың он балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің үйірмелерімен жақынырақ танысты. Балаларға спорттық секциялар туралы 600-ден астам ақпараттық буклет таратылып, олардың электронды нұсқалары ата-аналарына жолданды.

Бүгінгі таңда елордамызда спортпен 8 769 жасөспірім айналысады. Қала аумағында балалар спортын дамыту үшін 819 спорттық нысан бар. Оның ішінде 34-і ірі спорттық объектілер. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Барыс» мұз аренасы,  «Qazaqstan» жеңіл атлетика кешені, Республикалық «Сарыарқа» велотрегі және т.б спорт кешендерінің арқасында балалар өзге өңірлерден қарағанда жылдың төрт мезгілінде де емін-еркін жаттығып, жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.

Оның үстіне 2025 жылдың соңына дейңн Алматы ауданының «Теміржолшылар» тұрғын алабында Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Орталық саябақта шаңғы-роллер трассасы іске қосылмақ.

Ал 2026 жылы Қ. Мұнайтпасов атындағы Орталық стадион мен «Қазақстан» спорт сарайы күрделі жөндеуден кейін қолданысқа берілмек.

Спорт жәрмеңкесіне қатысқан оқушыларды ағайынды боксшы Оралбайлар, шорт-трекші Абзал Әжіғалиев, Малика Ермек, ауыр атлет Едіге Емберді, көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева сынды спорт шеберлерінің табысқа жету тарихтары ерекше қызығушылық тудырды.