Президент елімізді басты аграрлық дерважаға айналдырудың жолдарын айтты - Үкібай Нұрпeйісов

Бүгін, 13:37
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views153
Президент елімізді басты аграрлық дерважаға айналдырудың жолдарын айтты - Үкібай Нұрпeйісов
Фото: Үкібай Нұрпейісовтің жеке архивінен

Бүгін Президентіміздің Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Басты мәселелердің бірі - Үкіметке агроөнеркәсіптік кешеннің экожүйесін жетілдіру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ шетелден тартылатын инвестиция көлемін 1 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту міндеті қойылды. Осыған қатысты С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің PhD докторанты Үкібай Нұрпeйісов пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Тартылатын инвестиция тек шикізатты тасымалдауға емес, ең алдымен, өңдеу саласын дамытуға бағытталуы тиіс. Осыған байланысты елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге ерекше назар аудару қажет. Мысалы, қазіргі таңда еліміздегі көп мөлшердегі бидай шикізат күйінде экспортталып жатыр. Оның орнына бидайды ұнға, ұнды нанға, макарон өнімдерінің сан түріне дейін өңдеп, дайын тауарды шетелге сатқан әлдеқайда тиімді. Бұл тәсіл ауылдық жерлерде өңделген өнімдердің өндірісін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті халықтың табысының өсуіне және салық түсімдерінің ұлғаюына ықпал етеді.

Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион теңге бөлінді, бірақ бұл жеткіліксіз. Сондықтан тиімді әрі нақты даму жоспары қажет. Қазіргі таңда шетелдік инвесторлармен бірлесе отырып, отандық талаптарды ескере отырып, мал шаруашылығы өнімдерімен ішкі нарықты толық қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып отыр. Көрші елдермен және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен салыстырғанда, қазіргі таңда бөлініп жатқан қаржы жеткіліксіз. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына бөлінетін қаржыны арттыруды тапсырды», - деді спикер.

Сонымен қатар ол ұлттық тауарларды шетелдік нарықта бренд ретінде ілгерілету аса маңызды екенін айтты.

«Қазақстандық өнімдердің сапасын арттырып, халықаралық стандарттарға сай дайындау арқылы еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуге болады. Президенттің тапсырмасымен 2022 жылдан бері игерілмей жатқан 13,5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда соның тек 6 миллион гектары шаруа қожалықтарына берілді, ал қалған жерлерді Мемлекет басшысы келесі жылдың соңына дейін толыққанды ауыл шаруашылық айналымына енгізуді тапсырды. Сонымен қатар, келесі жылға дейін ауыл шаруашылық жерлерін толық цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп, жерді әділ, тиімді және ашық бөлу тетіктері енгізіледі.

Бұл шаралардың барлығы еліміздің ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанды өңірдегі басты аграрлық державаға айналдырудың нақты және нық қадамдарының бірі болып табылады», - деді Үкібай Нұрпейісов.