Астанада жұмыс кестесінің өзгеруі: бұл қай мекемелерге әсер етеді

Бүгін, 15:15
Айман Нығмет Айман Нығмет
views131
Астанада жұмыс кестесінің өзгеруі: бұл қай мекемелерге әсер етеді
фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада бірнеше ұйым 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі бойынша жұмыс істейтін болады. Бұл шешім жолдарда кептелісті азайту мақсатында қабылданып отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Өзгерістер қала орталығында орналасқан мемлекеттік және жартылай мемлекеттік құрылымдарға қатысты болады.

Осыған сәйкес, 15 қыркүйектен бастап қалалық коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30-да басталады, Астана әкімдігінің қызметі – 7:30, кейбір мемлекеттік органдар мен жартылай мемлекеттік компаниялар – 7:30-8:00 аралығында бастайды. Жұмыс уақытының аяқталуы да сәйкесінше өзгертіледі.

Жеке сектор, бизнес, мектептер, балабақшалар, ауруханалар, емханалар, ХҚО және басқа әлеуметтік нысандардың жұмыс кестесі өзгермейді.

Айта кетейік, кейбір министрліктер мен мемлекеттік органдардың жұмыс күні бұрыннан 8:00-де басталады.

Бұл шаралар негізгі магистральдардағы таңғы және кешкі сағаттардағы көлік ағынын азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жол қозғалысын қиындататын автокөліктердің тұрақ ережесін бұзуы қатаң бақылауға алынады.

Еске сала кетейік, Астанада қоғамдық көлікті дамыту жұмысы жалғасуда. Жаңа жылдам жол коридорлары мен маршруттар ашылып, жаңа автобустар шығарылады. Сонымен қатар жол салу және жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы шаралардың бәрі кешенді түрде жолдардағы кептелісті таңғы және кешкі уақыттарда азайтуға мүмкіндік береді.