Еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі анықталды

Бүгін, 13:49
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views46
Еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі анықталды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

1 қыркүйектегі жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 257 кәсіпорны 3,7 мыңнан астам жұмыскерге 1,4 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 4,7 мыңнан астам фактісі анықталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 602 ұйғарым берілді және 332 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде
3 437 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,2 млрд теңге төленді.

Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 013 тексеру жүргізді, оның барысында 4 706 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 3 965; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 721; халықты жұмыспен қамту бойынша – 20.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.