«Менің атымнан ақша сұраған»: Сергей Пономарёв қауіпсіздік мәселесі туралы дабыл қақты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарёв Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жандос Мадиевке, сондай-ақ Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Депутат өз сауалында жасанды интеллект көмегімен жасалатын дипфейк технологияларының қауіптілігіне назар аударды. Оның айтуынша, цифрландыру мен технологиялық прогресс бүгінде Қазақстанның ұлттық идеясын қалыптастырса да, осы ілгерілеудің көлеңкелі жағы бар – технологиялардың қоғамға зиян тигізу ықтималдығы артуда.
«Мен өзім осындай технологияның құрбаны болдым. Менің дауысым мен бейнем қолдан жасалып, әлеуметтік желіде менің атымнан ақша сұраған бейнеролик тарады. Бейнежазбаның кәсіби жасалғаны соншалық, басында жақындарым сеніп қалды», – деді депутат.
Пономарёвтің айтуынша, мұндай жағдайлар тек жеке адамдарға емес, мемлекет пен ұлттық қауіпсіздікке де қауіп төндіреді. Егер жалған бейне немесе аудио Президенттің, мемлекеттік орган өкілінің немесе танымал тұлғаның атынан таралса, оның салдары қоғамда дүрбелең туғызып, саяси тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін.
Халықаралық тәжірибе де бұл мәселенің маңыздылығын дәлелдейді. Мәселен:
АҚШ 2020 жылы дипфейктерге қатысты ережелерді қорғаныс бюджеті туралы заңға енгізіп, оларды ақпараттық қауіпсіздік факторы ретінде белгіледі;
Оңтүстік Корея 2024 жылғы парламент сайлауы алдында 90 күн бұрын сайлауалды үгітте дипфейктерді қолдануға тыйым салды;
Бірқатар елдер жалған контентті автоматты түрде анықтайтын және түпнұсқа материалды цифрлық белгілейтін технологияларды енгізіп жатыр.
Депутат сондай-ақ дипфейктердің қаржылық алаяқтықта жиі қолданылатынын атап өтті. 2025 жылғы Feedzai компаниясының деректері бойынша, онлайн алаяқтықтың 50 пайыздан астамы жасанды интеллект арқылы жасалады. Мұндай жағдайда адам өз жақынының даусын немесе бейнесін көріп, алдануы мүмкін.
Пономарёвтың пікірінше, ең үлкен зиян – адамның абыройына және сенімге нұқсан келтіруде. Тіпті кейін жалған ақпарат жоққа шығарылса да, беделге келген залалды қалпына келтіру қиын.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты шараларды ұсынды:
Цифрлық контентті мониторинг және сараптау орталығына дипфейктерді анықтау және жедел бұғаттау міндетін жүктеу;
Бейнелер мен суреттердің түпнұсқалығын растау жүйесін әзірлеу – бұл тек соттарға емес, кез келген азаматқа қолжетімді болуы тиіс;
Дипфейктерді тану және цифрлық алаяқтықтан қорғану тәсілдері туралы кең ақпараттық науқан жүргізу.
Сонымен қатар, «AMANAT» фракциясы жалған дипфейктерді пайдаланғаны үшін жазаны күшейту және синтетикалық контентті қолдану саласын шектеу бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеуге кіріскенін мәлімдеді.
«Жасанды интеллект – дамудың символы ғана емес, сонымен қатар жаңа сын-қатерлердің көзі. Мемлекет бұл бағытта алдын ала әрекет етуі керек», – деп түйіндеді депутат Сергей Пономарёв.
