Терезені сындырып, жұртты шошытты: Астанада қоғамдық тәртіпті бұзғандар жазаланды
Жыл басынан бері елордада вандализм бойынша шамамен 230 құқықбұзушылық тіркелді. Құқық қорғау органдары құқықбұзушыларды анықтап, жауапкершілікке тартып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осылайша, елордалық полицейлер қоғамдық тәртіпті бұзу және бөтеннің мүлкіне зиян келтіру фактісін анықтады.
51 жастағы ер адам Абылай хан көшесіндегі тұрғын үйдің жанында орналасқан полиция бекетінің терезесін сындырған.
Тексеру барысында азаматтың әдейі сындырғаны белгілі болды. Ол қолға түсті. Оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, іс материалдары Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.
Тағы бір жағдайда әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында полиция қызметкерлері елордалық сауда ойын-сауық орталықтарының бірінің аумағында жартылай жалаңаш күйде жүгіріп, жұрттың назарын аударып, қоғамдық тәртіпті бұзған ер адамның видеожазбасын анықтады.
Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 26 жастағы құқықбұзушының кім екені анықталды. Оған ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
«Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл басынан бері елордада вандализм бойынша шамамен 230 құқықбұзушылық тіркелген.
Еске салайық, «Заң және тәртіп» бастамасы аясында қалалық прокуратура полиция департаментімен бірлесіп, вандализмнің алдын алу және оған қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп келеді.
Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру 60 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу түрінде жаза қолданылады.
Сондай-ақ Астанада волонтерлер, белсенділер, танымал спортшылар мен қала тұрғындарының қолдауымен «Стоп, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
