Ақтөбелік «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері елордаға экскурсия жасады

Бүгін, 16:55
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views53
Ақтөбелік «Жасыл ел» еңбек жасағының үздіктері елордаға экскурсия жасады
Фото: Ұйымдастырушылардан

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XXI жазғы еңбек маусымының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының ең белсенді, ең еңбекқор 150 жас үздік сарбаз ретінде танылып, ел ордасы - Астана қаласына үш күндік танымдық экскурсияға жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Игі бастама Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың тікелей қолдауымен жүзеге асқан болатын. Сапардың басты мақсаты – жастардың туған елі мен елордасына сүйіспеншілігін арттыра отырып, олардың бойындағы мемлекетіміздің дамуына үлес қоссам деген асқақ арман мен азаматтық жауапкершілігін ояту.

Экскурсия бағдарламасы аясында жастар Астананың көрікті жерлерін, мәдени және тарихи нысандарын аралап, еліміздің рухани және саяси орталығымен жақын танысу мүмкіндігіне ие болды. Олардың сапар тізіміне елорданың ең маңызды нысандары – «Бәйтерек» монументі, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «ЭКСПО» көрме кешені, «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі», «Орталық бас мешіт», сондай-ақ түрлі қоғамдық және мемлекеттік ғимараттар енгізілді.

Астана қаласының сәулеттік келбеті мен заманауи даму қарқыны «Жасыл ел» жасақшыларына ерекше әсер қалдырды. Жастардың басым бөлігі елордаға алғаш рет келген. Бұл сапар олардың өмірінде естен кетпес оқиға болып өрнектелді.

«Астанаға алғаш рет келдім. Бұл өмірімдегі ең әсерлі сәттердің бірі болды. Әлбетте Астана туралы ақпарат көздерінен көріп те, естіп те жүрміз. Бірақ өз көзіммен көргенде мүлде басқа сезімде болдым. «Бәйтерек» монументінен елорданы тамашалағанда кеудемді ерекше мақтаныш сезімі кернеді – «Мен осы елдің азаматы екеніме» жүрегім атқақтап қуандым. Астана — нағыз еңбекқорлықтың, ұлттың жаңару мен бірліктің символы екен. Бұл сапар маған үлкен ой салды: елімнің болашағы үшін мен де өз еңбегіммен үлес қосуым керек екенін түсіндім. «Жасыл елдің» қатарында жүргеніме, осындай мүмкіндікке ие болғаныма қуаныштымын. Бұл үш күн менің өмірімдегі жаңа шабыт пен мақсаттың бастауы болды», – деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Ақтөбе облыстық штабының сарбазы Абыл Кенжебек.

Сондай-ақ ақтөбелік жастар Астанадағы экологиялық бастамалар мен урбанистік даму жобаларына да қызығушылық танытты. «Жасыл ел» қозғалысының мүшелері үшін аталған сапар табиғатты қорғау мен еңбек мәдениетін қалыптастыру бағытындағы қызметтеріне тың серпін әкелетініне күмән жоқ.

«Бұл сапар – жастар үшін үлкен мүмкіндік әрі өмірлік тәжірибе. Астана – еліміздің жүрегі, жаңашылдық пен өрлеудің бастауы. Сондықтан да үздік жасақшыларымыздың елордаға барып, оның рухын сезініп, даму қарқынымен танысуы – олардың азаматтық көзқарасын кеңейтіп, отансүйгіштік сезімін күшейтеді деп сенемін.

«Жасыл ел» – тек жазғы еңбек маусымымен шектелмейтін, тәрбиелік және рухани мәні зор бағдарлама. Біз жастардың тек еңбек дағдысын қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында елге, табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті орнықтыруды көздейміз.

Астанаға келген әрбір жас туған жеріне оралғанда жаңа серпінмен, жаңа көзқараспен еңбек етіп, өз өңірінің дамуына үлес қосады деп сенемін.

Ақтөбе облыстық штабы алдағы уақытта да осындай мазмұнды, тәрбиелік және патриоттық бағыттағы бастамаларды жалғастыра береді. Себебі «Жасыл ел»  – еліміздің ертеңін қалыптастыратын ең белсенді, ең жауапты жастардың мектебі», – деді «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Ақтөбе облыстық штабының басшысы Нұржан Шаңғытбаев.

Сапар соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ел дамуы жолында еңбек етіп жүрген әрбір жасқа осындай мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын жеткізді.