Астанада үстел теннисінен тұңғыш рет өткен Қазақстан Республикасы Президенті кубогы мәресіне жетті
Республика күніне орай 25-29 қазан күндері аралығында жалғасқан Қазақстан Республикасы Президентінің үстел теннисінен Халықаралық ашық кубогы аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жалпы жүлде қоры 115 000 АҚШ долларын құрайтын айтулы додада 14 елден 250-ден астам спортшы жүлдеге таласты. Олар U11, U16, Open +17санаттары мен командалық сайыста жүлдені сарапқа салды.
«Бес күнге жалғасқан бәсекеміз мәресіне жетті. Балалар арасында топ жарғандарға 5000 мың АҚШ доллары, ересектер арасында чемпион атанғандарға 10 000 АҚШ долларын бердік. Жарыс барысында Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) Бас хатшысы Рауль Калинмен кездесіп, халықаралық үстел теннисінің жылдық күнтізбесіне енгізу жайында сөйлестік. Алғаш рет өткізіліп жатқан Қазақстан Республикасы Президентінің үстел теннисінен Халықаралық ашық кубогы 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі ретінде санаймыз», - деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев.
Кубок барысында ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Кубогының негізгі шараларының бірі – үстел теннисінен әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өтіп жатқан шоу-матчты тамашалады.
Астана төрінде 2 дүркін Олимпиада чемпионы, 10 дүркін әлем чемпионы Сюй Синь (Қытай), әлем чемпионы Фан Бо (Қытай), әлем чемпионы Вернер Шлагер (Австрия) және әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Жу Се Хук (Корея) жарқын ойынымен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
«Астанаға алғаш рет келіп тұрмын. Жарыстың бірінші күнінен атмосфера өте керемет болды. Бәсекелестік деңгейі де жоғары. Өйткені турнирде Оңтүстік Корея, Египет, Қазақстанның спортшыларымен жолым түйісті. Өздеріңіз білетіндей, Азия құрлығының өкілдері әлемде де көшбасшылардың қатарына кіреді. Көрермендер де мені танып, суретке түсіп жатты. Өте ризамын. Барлықтарыңызға рақмет! Президент Кубогы дәстүрге айналса, алдағы уақытта тағы да келуге тырысамын», - деп +17 санатында топ жарған әрі жастар арасында екі дүркін Еуропа чемпионы Элизабет Абраамян (Ресей) эмоциясын білдірді.
Жарыс соңында Қазақстан жұлдызы Садраддин ән шырқап, көрермендерге жарқын көңіл-күй сыйлады.
Айта кетерлігі, кейінгі жылдары елімізде үстел теннисіне жақсы көңіл бөлініп келеді. 2024 жылы Астана қаласы бірінші мәрте Азия чемпионатын қабылдаса, 2027 жылы Қазақстанда әлем чемпионатын өткізу жоспарланған.
