Үркерде жыл соңына дейін тағы екі мектеп, ал келесі жылы жаңа балабақша ашылады - Жеңіс Қасымбек
Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының (Үркер елді мекені) тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. «Ашық микрофон» форматында кез келген тұрғын сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды. Тұрғындар әлеуметтік нысандардың құрылысы, жол инфрақұрылымы, жарықтандыру, қоғамдық көлік, аулаларды және қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру секілді мәселелерді көтерді.

«Соңғы екі жылда ауданда 10 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді, оның 8-і Мемлекет басшысының «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған. Сол сияқты 4 жеке мектеп, 2 медициналық орталық, балабақша, спорт кешені және Үркер елді мекенінде өрт сөндіру депосы ашылды.
Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз, ал 2026 жылы Үркер елді мекенінде жаңа балабақша ашылады.
Сонымен қатар, спорттық-мәдени нысандар да салынып жатыр: «Бочча» инклюзивті спорт орталығы, көпфункционалды кешен, «BI ART» музыкалық өнер орталығы және Орталық парктегі шаңғы-роллер базасы», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, ол ауданның абаттандырылуына және көгалдандырылуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
«GreenLine» аллеясы – ең ірі жобалардың бірі, оның ұзындығы 3,5 шақырымнан асады. Биыл жобаның бірінші кезеңі – Әнет-Баба көшесінен Күлтегін көшесіне дейінгі аралығы аяқталды. Оның бойында балаларға арналған ойын алаңдары, спорт алаңдары, демалыс аймақтары, декоративті тоғандар және басқа да нысандар салынды.
Әйтеке би көшесіндегі аллея – сәтті жүзеге асқан көркейту жұмысының айқын мысалы. Бұрын бос жатқан жерге жайлы әрі қолайлы серуендеуге арналған орын жасалды. Сондай-ақ аудандағы 19 мекенжай бойынша кешенді абаттандыру жұмысы жүргізілді, оның 10-ы – «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асырылды. Бұдан бөлек, 50 аулада қалпына келтіру жұмысы жүргізілді», - деді Ж.Қасымбек.
Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды. Қала әкімдігі оларды қысқа, орта және ұзақ мерзімді бағыттарға бөліп қарастыратын болады. Мұндай кездесулер қаланың барлық ауданында өткізіледі.
