Елорданың «Байқоңыр» ауданы зейнеткерлері Жолдауды ықыласпен тыңдады – Маржан Пірімбетова

Бүгін, 16:32
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views86
Елорданың «Байқоңыр» ауданы зейнеткерлері Жолдауды ықыласпен тыңдады – Маржан Пірімбетова
Фото: Маржан Пірімбетованың жеке архивінен

Бүгін Президентіміз кезекті Жолдауын жолдады. Бұл маңызды мәлімдемені Астана қаласы әкімдігінің "Байқоңыр" ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары үлкен ықыласпен тыңдады. Солардың бірі - Маржан Пірімбетова зейнеткерлер атынан Жолдау туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қатысушылары Жолдаудағы саяси-мәдени, ғылым және білім, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық елең етерлік жаңалықтардан құлағдар болды. Мемлекет басшысы жолдаған басты бағдарымызды "Байқоңыр" ауданы зейнеткерлері соңына дейін тыңдаған соң, дөңгелек үстел басында өзара пікір алмасты.

Зейнеткерлеріміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан қадау-қадау мәселелерге қатысты оң пікір білдіріп, қолдап отыр. Әсіресе қазіргі кезде халықтың әл-ауқатын арттыру үшін инвестиция тартып, әлеуметтік-экономикамыздың сан-саласына қан жүгірте түсу қажеттігін атап өткені көптің көңіліне қонды.

Дегенмен ол мемлекетке масыл болып, заңға қайшы әлеуметтік көмек алып отырған кейбір азаматтар туралы да айтты. Тіпті олардың жыл сайын «жасарып» жатқанын сынға алды. Әрине, «Күріштің арқасында күрмек су ішедінің» кері болмасын дегені орынды. Барлық азамат заң мен тәртіпке бағынғаны дұрыс.

Мемлекет басшысы ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін болдырмау үшін агроөнеркәсіпті дамыту керектігін де айтып, Үкіметке тапсырды. Бұл да халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпалын тигізеді деп ойлаймыз.

Президенттің Жолдауда айтқан бұдан да басқа еліміздің дамуына аса қажетті маңызды мәселелерді зейнеткерлер тұщынып тыңдап, қолдау білдірді», - деді Маржан Бектұрсынқызы.