Жүрегі ауыратындар қандай сусыннан бас тартуы керек
Адам ағзасының 60%-ы судан тұрады. Демек тиісті мөлшерде сапалы ауыз су ішу барлық мүшеміздің, оның ішінде жүректің қалыпты жұмыс істеуінің кепілі. Су ағзамыздағы көптеген алмасу процестеріне қатысады. Бірақ таза судың орнына шырын, кофе, энергетикалық сусын мен басқа да сусындарды таңдайтындардың қатары басым. Өкінішке қарай аталған сусын түрлері жүрек-қан тамыр жүйесіне айтарлықтай салмақ түсіреді. Астана қаласы №3 емхананың кардиолог дәрігері Майра Есентаева Elordainfo.kz тілшісіне жүрегі ауыратын адамдар қандай сусыннан аулақ болуы керектігі туралы айтып берді.
Алкоголь
Алкоголь қысқа мерзімде қан тамырларын кеңейтіп, босаңсу сезімін тудырады. Алайда, ол жүрек ұлпасына кері әсер етеді және қан қысымын көтереді. Алкогольді ішу аритмияға әкеліп соғады, гипертонияны күшейтеді және жүрек жеткіліксіздігін тудыруы мүмкін. Жүрегінде ақауы бар адамдарға аптасына 14 бірліктен жоғары (шамамен 140 мл таза спирт) алкоголь ішу қауіпті.
Энергетикалық сусындар
Энергетикалық сусындарда кофеин, қант және стимуляторлардың мөлшері жоғары, бұл да жүрекке айтарлықтай күш түсереді. Кофеин қан қысымын кенеттен көтеріп, пульсті жиілетеді, бұл гипертониялық криз немесе аритмия тудыруы мүмкін. Глюкоза, өз кезегінде, қандағы қант деңгейінің кенеттен артуына ықпал етеді, бұл қан тамырларына зиянды. Жүрек-қан тамыры аурулары бар адамдар мұндай сусындарды мүлдем ішпегені дұрыс.
Газдалған тәтті сусындар
Газдалған тәтті сусындардың барлығында қанттың мөлшері өте көп. Бір бөтелкедегі қант шамамен 26 грамм, бұл 5 шай қасыққа тең. Мұндай сусындарды үнемі тұтыну салмақтың артуына әкеліп соғады және жүрек жұмысының нашарлауына әкелетін 2 типті қант диабетін тудырады. Тәтті сусындар қандағы глюкоза деңгейін көтеретіндіктен жүрек қатты жұмыс істей бастайды.
«Жүрек ауруы бар адамдар үшін кейбір сусындардың денсаулыққа қауіпті екенін ұмытпау маңызды. Алкоголь, энергетиктер және газдалған тәтті сусындар ағзаңызға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Оның орнына таза су, жасыл шай, жеміс-жидектер қосылған шай немесе табиғи қантсыз шырындарды ішкен жөн», - деді Майра Болатқызы.
Сонымен қатар тамақтану рационы мен су режимін бақылаумен шектелмей, уақтылы медициналық тексеруден өтіп тұру қажет. Жүрек-қан тамыр жүйесінің созылмалы ауруы анықталса диспансерлік есепке алу үшін қажетті барлық тексерулерден өту керек және олар МӘМС қызметіне аясында тегін жүргізіледі. Тек пациенттің «сақтандырылған» деген мәртебесі болса жеткілікті.
«Мысалы, әлеуметтік маңызды ауру болып саналатын қант диабетіне шалдыққан адам тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында тиісті қызмет түрімен қамтылады. Бірақ оны диагностикалық тексеру мен диспансерлік есепке алу үшін МӘМС қызметіне кіретін талдаулардан өту қажет. Осындай жағдайда дәрігерлер денсаулығыңызға қатысты көрсеткіштер мен талдауларды қарап, ем-дом жасап, дәрі-дәрмектер береді. Алайда денсаулығыңыздың мықты болуы дәрігердің емінен бұрын, өзіңіздің өмір сүру салтыңызға байланысты екенін ұмытпаңыз. Дұрыс ұйқы, спорт, дәрумендер мен минералдарға бай сапалы аспен қатар таза су ішуге дағдылану керек», - деді ол.