«Сақ болыңыз»: Банк шотын досына берген жігіттің басы дауға қалды
![Ернұр Қайнар](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Сақ болыңыз»: Банк шотын досына берген жігіттің басы дауға қалды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17392742968951897.webp)
Ақмола облысының тұрғыны банк шотына шамамен 20 миллион теңге түскенін білгеннен кейін полицияға жүгінген, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Степногорск тұрғыны 2024 жылы елордаға келіп, достарымен бірге жұмыс істеген. Біраз уақыттан кейін ол өзінің банк шотына ірі көлемдегі қаражат тұрақты түрде түсіп тұрғанын анықтаған. Бұл туралы ер адам тек азаматтық істер бойынша сот хабарламаларын ала бастағанда білген. Жағдайды анықтау мақсатында ол полицияға жүгінеді.
«Тексеріс барысында былтыр оның шотына белгісіз адамдардан шамамен 20 миллион теңге түскені анықталды. Өзі бұл аударымдар туралы білмейтінін айтқан. Алайда бұрын ол өзінің шот реквизиттерін досына бергені белгілі болды, ол бұл мәліметтерді өз қаражатын аудару үшін сұраған. Осылайша ер адамның шоты басқа тұлғаларға материалдық шығын келтірген схемаға пайдаланылған болуы мүмкін», – деп жазылған Ақмола облысы ПД хабарламасында.
Бұл дерек бойынша соталды тергеу басталды.
«Құқық қорғау органдары азаматтарға банк шоттарының деректерін тіпті ең жақын адамдарына да беруге болмайтынын ескертеді. Бұл ауыр жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Сақ болыңыз», – деп ескертті полиция өкілдері.