Полиция азаматтарды жолда сақ болуға шақырады
Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер тасжолдарда тәулік бойы қызмет етіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Тәртіп сақшылары қозғалысты реттейді және қиын жағдайға түскен көлік жүргізушілеріне көмектеседі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бір күн ішінде облыс жолдарында 30 көлік соқтығысқан және 4 автокөліктің аударылу дерегі тіркелді. Зардап шеккендер жоқ. 5 қарашада шамамен сағат 10.00-де Мәртөк ауылының маңында Ақтөбе – Орынбор тасжолында жол-көлік оқиғасы болды. MAN жүк көлігінің жүргізушісі көлік құралын басқара алмай, аударылды. Аталған жол-көлік оқиғасы салдарынан жүргізуші зардап шеккен жоқ. Полиция қызметкерлері жол қозғалысының барлық қатысушысын ауа райының қолайсыздығына, қар аралас жауын-шашынға байланысты жолда барынша мұқият және сақ болуға шақырады», - деп жазылған хабарламада.