Алматыда ұландық офицер әйелді ажалдан құтқарды

17 наурыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Алматыда ұландық офицер әйелді ажалдан құтқарды
Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның офицері капитан Аманғали Еменов көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан секірмек болған әйелді құтқарды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оқиға сағат 13:30 шамасында Алматының көппәтерлі үйлерінің бірінде болған. Аманғали оқиға орнына кездейсоқ тап болған, жоғарыға қарап тұрған адамдарды көріп, не болып жатқанын білмекші болған. Бұл уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, әйелді райынан бас тартуға көндіруге тырысып жатқан еді.

Ұландық офицер уақыт жоғалтпай, жоғарғы қабаттан арқан арқылы төменге түсіп, көрші терезеден пәтер ішіне кіреді. Бірден қонақ бөлмеге өтіп, асқан сақтықпен секіргелі тұрған әйелді артқа қауіпсіз жерге сүйреп шығарады. Әскери қызметші мен полицейлердің кәсіби әрекеттерінің арқасында қайғылы жағдайға жол берілмеді.

Оқиға орнына келген дәрігерлер әйелге қажетті көмек көрсетті, ал құзыретті органдар қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.