Астанада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 17 ұйым жұмыс істейді
Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы – Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторы Болат Төреханов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«2024 жылғы 15 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтiк қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтiк қызметтер көрсететiн ұйымдарды лицензиялау енгізіледі.
Лицензиялауды енгізу халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған», - деді Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің басшысы – Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторы.
Лицензия беру кезінде көрсетілетін әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педогогикалық, әлеуметтік- еңбек, әлеуметтік-мәдени қызметтердің тиісті сапасын қамтамасыз ететін материалдық-техникалық база мен жабдықтың, медициналық лицензияның, өрт қауіпсіздігі лицензиясының болуы, бейімделген ғимараттың болуы, әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін растайтың сәйкестік сертификаттары қызметкерлердің толық штатының болуы және мүгедектігі бар адамдардың қолжетімділігі, яғни ғимаратқа кедергісіз кіріп-шығуына жағдай жасалғаны ескерілетін болады.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың арқасында сапалы қызмет көрсетуге мүдделі емес ұйымдар іріктіледі.
Бүгінде әлеуметтік инспекторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп лицензиялауға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың дайындығына лицензия алдындағы талдау жүргізуде. Өтінімдер 2024 жылғы 26 желтоқсаннан бастап қабылданады.
Жалпы, әлеуметтік инспекторлардың жұмыстары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің бақылауында.
«Бүгінгі таңда елордада арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 17 ұйым жұмыс істейді, оның стационар, жартылай стационар, уақытша болу жағдайында 12 АӘҚ ұйымдары және үйде қызмет көрсететін 5 ұйым бар.
12 ұйымның ішінде, 6 – мемлекеттік және 6 – мемлекеттік емес ұйым.
Олардың жұмысы тұрақты негізде талданады және уақыт пен қоғамның талаптарын ескере отырып жетілдірілетін болады», - деді Болат Төреханов.