Ғарышқа турист ретінде ұшатын тұңғыш қазақстандықтың есімі белгілі болды

Дана Қарағұсова Blue Origin компаниясының NS-36 миссиясына қатысып, ғарышқа турист ретінде ұшатын тұңғыш қазақ қызы болады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Онымен бірге тағы бірнеше астронавт, соның ішінде зерттеушілер мен кәсіпкерлер ғарышқа аттанады. Ұшатын нақты күні кейін жарияланады. Blue Origin ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында тікелей көрсетілім ұйымдастырылады.
Бұл – New Shepard бағдарламасының 15-пилотталған ұшуы.
Дана Қарағұсова өзінің Instagram аккаунтында жариялаған жазбасында бұл сапар оның ұзақ жылдар бойғы арманына қадам екенін атап өтті.
«Адамзаттың болашағы ғарышпен байланысты. Жаңа көкжиектерді игере отырып, біз технологияны дамытып қана қоймай, өз мүмкіндіктерімізді кеңейтеміз. Мен үшін Blue Origin компаниясының NS-36 миссиясы – бұл зерттеу жобасының бөлігі және ұзақ жылдар бойы еңбектенген арманыма жасалған қадам», – деп жазды ол.
Белгілі болғандай, ғарышқа аттанғалы отырған қазақстандық ару экс-депутат, қоғам қайраткері Гүлжан Қарағұсованың қызы және танымал блогер Бейбіт Әлібековтің бұрынғы әйелі екені анықталды.
«Менің бұрынғы әйелім 8 қазан күні ғарышқа ұшады. Дана Қазақстанның тұңғыш ғарыш турисі болады. Оған сәттілік тілейік», - деп жазды Әлібеков әлеуметтік желіде.



