Астанада әскердегі оң өзгерістер мен жаңа технологиялар таныстырылды

Астанада Құрлық әскерлерінің астаналық арнайы мақсаттағы құрамасында ауқымды баспасөз туры өтті. Іс-шараның басты назарында цифрландыру саласындағы инновациялар, әскери қызметшілерді психологиялық қолдау мен сарбаздарды жан-жақты қамтамасыз ету сұрақтары болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қорғаныс министрлігі журналистерге бүгінгі күні әскер қатарында қызметті заманауи әрі технологиялық ететін бірегей әзірлемелерді көрсетті. Жаңалықтардың ішінде – SARBAZ+ пилоттық жобасы, әскери қызмет пен сарбаздардың тұрмысы туралы өзекті ақпаратты қамтыған ARMIA.KZ ақпараттық сервисі, автоматтандырылған психологиялық тексеруге арналған «ГРВ-камера» бағдарламалық-аппараттық кешені, сондай-ақ жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, телеграм-бот форматындағы цифрлық кеңесші Ai-Sulu бар. Ол әскери қызметшілер мен олардың отбасыларына тәулік бойы анонимді психологиялық қолдау алуға мүмкіндік береді.
«Әскери психологтың мобильді сөмкесі» де назардан тыс қалған жоқ – бұл жауынгерлерге күйзеліске толы жағдайларда шұғыл көмек көрсетуге арналған инновациялық жинақ. Блокты қазақстандық жағдайға бейімделген «PHQ-9», «GAD-7» және «Субъективті әл-ауқат шкаласы» халықаралық әдістемелері бойынша психодиагностикалық тексерудің көрсетілімі аяқтады.
Цифрлық жетістіктерден бөлек журналистер әскери қызметтің дәстүрлі қырларын да көрді: қару-жарақ пен техника, жабдықтар мен әскери киім үлгілері, тактикалық атыс, зениттік қондырғы есептоптарының жұмысы, кедергілер жолағын еңсеру және тағы басқа көрсетілімдер ұсынылды. Мерзімді қызмет өткерудің жағдайлары мен оның қауіпсіздігі туралы заманауи модульді казармалар айқын көрсетті. Барлық бөлмелері бейнекамералармен жабдықталған.
Ал Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары, генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіров сарбаздардың тәуліктік азық үлесімен таныстырып, сарбаз тағамы 2026 жылдың 1 қаңтарынан 3 150 теңгеге дейін өсетінін айтты. Баспасөз туры қорғаныс министрінің орынбасарларының брифингімен аяқталды.
Вице-адмирал Серік Борамбаев қызмет жағдайын жақсарту, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау шаралары туралы баяндады. Генерал-лейтенант Қаныш Әубәкіров Қарулы күштердің инфрақұрылымын дамыту мен әскери қызметшілерді жан-жақты қамтамасыз етуге тоқталды. Дархан Ахмедиев Қарулы күштердегі цифрландырудың рөлі мен маңызына ерекше назар аударды.



