Оқушылар жазда мұражайлар мен театрларға тегін кіреді


Бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов Туризм және спорт министрлігіне балалардың тарихи-мәдени мұра объектілеріне, белгілі туристік аймақтарға баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестіруді тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет. Балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуге тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мәдениет министрлігіне демалыс кезінде балалардың мұражайларға, театрларға, қорықтарға, ұлттық саябақтарға тегін баруын қамтамасыз ету тапсырылды.
Осы отырыста Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов балаларға арналған жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, оқушылар жазда мұражайлар мен театрларға тегін кіре алады. Вице-министр Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекемелер жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру мақсатында жас ұрпақтың мәдени және шығармашылық әлеуетін кеңейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралар кешенін әзірлегенін атап өтті.
«Жазғы уақытта еліміздің барлық мектеп оқушыларына музейлер мен театрларға, өзге де мәдени мекемелерге тегін кіруге мүмкіндік жасалып отыр. Бұл әрбір балаға мәдени мұрамен етене танысып, рухани байи түсуге жол ашатын игі бастама», – деп толықтырды Қанат Ысқақов.



