Несіп Жүнісбайұлы: Бүгін бас бапкер жеңілді

Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы, спорт ардагері Несіп Жүнісбайұлы Қазақстан мен Уэльс арасындағы ойынға шолу жасады.
Қазақстан футбол құрамасы ұжымдық футбол ойнай алатынын бүгінгі Уэльс командасымен өткізген ойында жақсы дәлелдеді. Бұл – қуанышты жағдай. Бұрын алаңға шыққан кезден-ақ тым-тырақай жүгірумен болатын команда бүгінде ойлы футбол ойнай бастады...
Бүгін 0:1 есебімен жеңіліп қалдық. Бұлай – жарты командасы Англия Премьер-лигасының командаларында ойнайтын уэльстіктерден жеңілу ұят емес. Ойынды бәріңіз көрдіңіздер ғой, сондықтан, оны талдап жату артық болады.
Менің пікірімше, ойыншылар емес, бас бапкер жеңілді! Оның бұл ойынға нақтылап, саралап, талдап берген ойын жүйесі анық көрінбеді. Командамыздың барлық ойыншыларын жеке-жеке алып қарасаңыздар – бәрі де құрама деңгейінде футбол ойнай алады. Олай болса, ойынның нәтижесі бас бапкердің біліктілігіне байланысты. Футбол өнерінде құрамада өз ұлдарымыздың ойнағанын қаншалықты табандылықпен талап етсек, бас бапкерлікке біліктілігі әлемдік дәрежеде бағаланып жүрген мамандарды шақыру шығар күндей шындық – соны да талап ету керек-ақ!
Бас бапкердің қателігі – ең әуелі алаңға алғаш шығатын 11 ойыншыны дұрыс таңдай алмауында! Бүгін алаңға шыққан 11 ойыншының ішінен Анарбеков, Малый, Әліп, Қайыров, Вороговский, Кенжебек, Самородовтар ғана өз дәрежесінде ойнады. Керісінше, ойын соңына қарай алаңға шыққан ойыншылар – Чесноков, Мұжықовтар кездесу басынан шығуға сұранып тұрған футболшылар екенін көрсетті! Маған, әсіресе, Темірлан Анарбеков қатты ұнады. Ол – бұл жолы «Қайратта» ойнағаннан да жоғары өнер көрсетті! Оның қақпаға қауіп төнген сәттегі жанкешті қимылы көзге жас әкелді. Майдан шебіндегі соңғы солдат болғандықтан, оның өлуге бар, доп жіберуге жоқ екені сүйсіндірді. Онан кейін риза қылған ойыншы Ғалымжан Кенжебек! Алаңға шыққан соң өзге әлем бар екенін ұмытып, бар назары ойында, допта болатын және сол ойынды терең түсініп, ойға алғанын орындай алатын талантты бір ұлымыз өсіп келе жатыр деп бағаладым оны. Әрине, Вороговский, Малыйлар өздерінің мол тәжірибесіне сүйеніп, жақсы ойнады. Бағдат Қайыровты да ерекше атаған жөн. Бұл жігіттің де барын аяған ойынын көрген емеспін!
...Сонымен бас бапкер... Бас бапкердің алғашқы ойыншы алмастыруы өте қате болды! Осыған дейін бүкіл кездесу барысында қарсыластар қақпасына доп жеткізіп, өзінің жеке ынта, жанкештілігімен екі рет соққы жасаған Кенжебекті емес, бүкіл кездесу барысында командалық ойынға араласа да алмай, жеке ойынымен де көзге мүлдем түспеген Сәтбаевты айырбастау керек еді! Дастан қазақ футболы үшін қуаныш та, мақтаныш та, тұмар да. Бірақ ресми ойын елдің көңілін табу үшін емес, құрамаға нәтиже әкелу үшін ойналады. Сәтбаев әлі жас, небәрі 16 жастан жаңа асты. Ол ойыншыны құрамада қысқа кезеңге ғана шығарып, оның футболға деген ұмтылысын сарқып алмай пайдалану керек. Ал, Кенжебек болса, бүгін нағыз бабына келе ойнаған ойыншы болды. Көзі жанып, отқа да, суға да түсіп жүрген ол жігітті кездесу соңына дейін ойнату керек еді. Рас, Кенжебектің екі соққысы, Самородов пен Чесноковтардың бір-бір соққысы 90 минуттік ойынға аз екені сөзсіз. Ал, қақпаны жиі нысанаға алмай, футболда жеңіске жету мүмкін емес.
Бүгінгі ойында Қазақстан құрамасының бас бапкері жеңілді дейтінім содан. Командамыз, оның ішінде, өз ұлдарымыз футбол өнерін жақсы игеріп қалыпты. Тәуба, футболдың жолы ұзақ қой, әлі-ақ мұратқа да жетерміз. Ол үшін осы ұлдарды жақсылап баптап, шешуші кездесулерге қайрап салатын білікті бас бапкер керек. Алаң жиегінде арлы-берлі жүгіріп, жер тепкілеу – біліктіліктің белгісі емес. Бас бапкер бар білігін ойыншыларға ойынға дейін сіңіріп, соның нәтижесін ғана күтіп, сабырлы жүргені абзал. Алаң үнемі жиектеп, өзін жұлып жеп, жаман сөзді жаудырып, жолындағы жанды-жансызға аяқ-қолын бірдей жұмсайтын мамандарды да көргенбіз... Олардың біразы қуылып кетіп жатыр. Олар бізге үлгі емес!



