Несіп Жүнісбайұлы: Ауыз «ойнамасын», аяқ ойнасын

Бүгін, 15:09
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views64
Несіп Жүнісбайұлы: Ауыз «ойнамасын», аяқ ойнасын
Фото: «Қайрат» футбол клубынан

Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы, спорт ардагері Несіп Жүнісбайұлы футбол Чемпиондар лигасындағы «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы ойынға шолу жасады.

Міне, «Қайратымыз» Чемпиондар лигасындағы үшінші ойынын өткізді. Бұл жолы Кипр аралдарынан келген «Пафос» атты командамен Алматыдағы Орталық стадионда ойнадық. Ойынның төртінші минуты басталғанда бір ойыншысы қызыл қағаз алып, 10-ақ ойыншымен қалған «Пафосты» қалған 87 минут бойы жасыл алаңда босқа жүгірген «Қайрат» не ұта алмады, не олардың қақпасына бір гол да кіргізе алмады! Керісінше, кипрліктер біздің қақпаға гол соғып кетті. Абырой болғанда, әлгі қырағы ВАР жүйесі «Осы сәтте олардың ойыншысы ойыннан тыс қалды!» дегеннен соң голды есептемей тастады...

«Қайрат» нашар ойынын жалғастыруда. Ал, біз оларды асыра мақтаудан аузымыз босар емес! Тағы да: «...Темірлан батыр екен, қақпаны қорғап қалды! ...Қайрат арыстанша алысты! ...Анарбеков – еркек! ...Жараланса да...» деген көпірме сөздер аққайнардың бөтелкесінің аузынан атқылағандай, аспанға шапшып жатыр!

«Қайраттың» жанкүйерлері мен футболдан дым сезбейтіндер! СІЗДЕРДЕН ӨТІНІШ! «Қайратқа» аста-төк мақтау арнап, оларды ел қорғаған батырлармен теңей бергенді қою керек!!! Олардың бір-ақ басты табысы мынау: Футболдан ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫНЫҢ негізгі кезеңіне шығып, елімізге (жеребенің көмегімен болса да! – Н.Ж.) осы жарыстың 15 дүркін жеңімпаздары Мадридтің «Реалын» жетектеп келгендері! Ел жанкүйерлері Мбаппе, Винисиус, Беллингем және өзге футбол жұлдыздарын өз көздерімен көру бақытына ие болды. Бітті! Өзгесі футболдың әлемнің барлық еліндеріндегідей өз шаруасы. «Қайрат» ол топта ойнаса кереметтігінен емес, жеребе шешімімен ойнап жатыр. Олар ойсырай жеңілгенде де, 10 ойыншымен ойнаған осы Чемпиондар лигасындағы 36 команданың түбі 35-36 орындарын осы «Қайратпен» бөлісетін алақандай Кипрдің «Пафосын» не жеңе алмай, не қақпаға бір доп соға алмай, сорлағанда да оларды аспанға көтеріп мақтай берген жақсылыққа жеткізбейді! Биікке шыққан сайын жерге құлаудың ауыр болатындығын ұмытпаңдар, айналайындар!

Бұл ойында «Қайрат» мүлдем нашар ойнады. Не жақсы шабуылшы жоқ, не оларды қарсы қақпаға шығарып тұратын жартылай қорғаушы жоқ, айналшық жегендей жөнсіз жүгірген қорғаушылар, не істерін білмей аласұрған он ойыншыға (біреуі қақпада тұр ғой! – Н.Ж.) жаным ашыды. Бірінші таймда он-ақ адам қалып, жігері жасыған кипрліктер «Қайрат» қырып-жойып кетпеген соң, екінші таймда өздері бастарын көтеріп, 5-6 қауіпті сәт тудырды. Осы кезде олардың алдына көлденең жатқан қақпашы Темірлан Анарбеков болды. Бәрі орынды, бәрі жөн, бәрі ойдағыдай. Олардың алдынан шығып, соққыны қайтарып, қағып алып, қағып тастау – қақпашының жалғыз міндеті! Бұл жерде еш ЕРЛІК жоқ. «Жараланды...» деп жәй еңбекті соғыстағы ерлікке сүйреудің жөні жоқ. Доп қонақтар соққан кезде Темірланның бетіне тиді. Ешқандай жарақат та жоқ, ерлік те жоқ. Бәрі футбол ойынының талабына орай қимыл-қозғалыстар ғана. Ал, «Қайраттың» бұл кездесуде нашар ойнағанының көрінісін мына салыстырудан-ақ байқайсыздар: Олар қақпаға допты 22 рет соқпақ болған, бірақ соның 2-еуі ғана қақпаға тура барған, ал, 10 ойыншымен ойнаған «Пафос» допты қақпаға 9 рет ұрғанда, оның 6-ауы тура барған!

...Артық мақтау-мадақтауды ТОҚТАТУ керек! Балаларды бұзып аламыз. «Реалдан» өз алаңымызда 0:5 есебімен ойсырай жеңілсек те осы «Қайратымыз» қырғын соғыста жеңіп келгендей лапылдатып, айтпағанымыз жоқ, сұрамағанымыз жоқ. Бүгін де мынау: көрші ауылдың өзіндей баласына екеуі бірдей жабылып, сонда да сабай алмаған командамызды желпілдетіп мақтаймыз. Жетер! Ауызбен футбол «ойнағанды» қояйық, ағайын, енді футболды «Қайрат» футболшылары аяқпен, ақылмен ойнасын! Әсіресе, «Қайрат» ойыншылары үшін сыйлық, марапат сұрай бергенді тоқтату керек! Біле-білсеңіздер, олар Сіздерден 10-15 есе артық табыс тауып жүрген жандар. Ал, кейбіреудің жауапсыз ауызынан шыққан сөзі үшін кейбір кәсіпкерлер (әсерленіп пе, аяп па, мадақ үшін бе? – Н.Ж.) оларға көлік, үй, мал, ақша сыйлап жатыр. «Байдың малын қызғанған байғұс...» болмайын. Бірақ «Қайраттың» осы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққаны үшін 19 миллиондай доллар сыйақы алғанын ұмытпайық. Оның үстіне кез келген ойында жеңсе 2,1 миллион доллар сыйақы, тең түссе 700 000 доллар сыйақы алатыны тағы бар. Қажет деп санаса, ол ойыншы сол сыйлыққа лайық десе, үй, көлік, т.б. сыйлықтарды оларға «Қайраттың» басшылығы өзі-ақ алып бере алады.

...Менікі балаларды бұзып алудан САҚТАНДЫРУ. Көзсіз мақтау жолдан тайдыратынын, көзсіз сұқтану өлтіріп жіберетінін қазақтан артық кім білген, кім айтқан?! Олардың ел абыройына бояу қосып жатқандары рас, бірақ оларды ешқашан ЕЛ ҚОРҒАҒАН ЕРЛЕРМЕН шендестірмейік! Қызғанғаным емес, қорғағаным. Жас адамды қызыл-жасылмен адастыру оп-оңай. Келіңіздер, БІРГЕ ҚОРҒАЙЫҚ БАЛАЛАРДЫ!!!