Менің елім – менің мақтанышым: Астанада жастарға арналған семинар өтті

Astana IT University-де «Менің елім – менің мақтанышым: жастардың азаматтық жауапкершілігі» семинары өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Отбасы – бақыт мекені» жобасы аясында «Қазақстан Даму қауымдастығы» ЗТБ мен Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырған іс-шараға психолог, отбасылық қатынастар және жеке даму саласындағы сарапшылар, студенттер қатысты.
Семинарда жастар арасында азаматтық жауапкершілік пен белсенді өмірлік ұстанымды дамытуға бағытталған интерактивті талқылауларға басымдық қойылды.
Іс-шара Республика күні қарсаңында өтіп жатқандықтан спикерлер кездесудің кіріспесін осы ұлттық мерекенің мән-маңызы туралы жастарға түсіндіруден бастады.
«Президентіміздің соңғы Жолдауында жасанды интеллектіге көп көңіл бөлінді. Іс-шараны өткізуге осы университеттің таңдалуы да сондықтан. Аты айтып тұрғандай, мұндағы студенттер - ЖИ технологиясын меңгеріп жатқан болашақ мамандар. Олар білікті маман ғана емес, өз елінің патриоты болып өсуі үшін де Республика күнінің маңыздылығын түсіндіргелі келдік.
Біздің тәуелсіздігіміздің бірінші баспалдағы Республика күнінен басталған. 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл - біздің дербестікке алғаш қадам басқан кезіміз. Еліміз ең әуелі қауіпсіздік пен қорғаныс жүйелерін қалыптастыруға кірісті. Сөйтіп, біртіндеп тәуелсіз елге айналдық. Сондықтан барлық қазақ еліне Республика күні құтты болсын дей отырып, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезімін ұялатып, болашақта тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет жасауларына үндемекпіз», - деді «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің Астана филиалы төрағасы Күзембай Бекдайыр.
Келесі кезекте журналист, Абайдың толық адам идеясы бойынша «Толық адам және төрт даму» жобасының авторы, Қазақстанда үш дүркін рекорд жасаған, Грузия, Түркияға дейін барып, АҚШ-та велошеру өткізіп келген велошабандоз Ернат Мелсұлы жастарға толық адам болу үшін қай бағыттарда даму қажет екенін айтып берді.
«Абайдың толық адам идеясы бойынша түсіндіріп, интерпретация жасаймын. Абайдың толық адам дегені, өзі айтқандай,«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек», «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Яғни толық адам болу үшін тұлға төрт жақты дамуы керек. Бірінші, рухани даму, ол Абайда - жылы жүрек, екінші, интеллектуалдық даму, ол Абайда - нұрлы ақыл, үшінші, физикалық даму, ол Абайда - ыстық қайрат, төртінші, материалдық, қаржылық даму, ол Абайда - сенімді дәулет. Осы төрт бағытта өзін дамытқан адам толық адам бола алады», - деді спикер.
Сондай-ақ психолог, блогер, мотиватор, коуч ретінде танымал Құралай Ошақбаева төрт құбыласы тең азамат болып қалыптасу үшін адамға қандай саналы ой, мақсатты қадамдар көмектесетінін айтып берді.
Спикерлермен кездесу өте қызғылықты өтіп, студенттер өздерін толғандырған сауалдарға жауап алды.