Батырға тағзым: Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алу жиыны өтті

Бүгін, 15:28
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views61
Батырға тағзым: Астанада Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алу жиыны өтті
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын көкке көтергеніне 80 жыл толуына орай елордадағы Р.Қошқарбаев атындағы №44 орта мектебінде еске алуға арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жиынға «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нұғұманов, қалалық ардагерлер кеңесінің орынбасары Мұрат Іргебаев, елордадағы «Сарайшық» ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Азат Баужанов, Рақымжан Қошқарбаевтың ағасының қызы Маржан Нұрмағанбетова және келіні Қалам Темірова қатысып, батырдың ерлігін ұлықтады.

«Былтыр батыр бабамыздың жүз жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында бас қосып, осы мектепке ұлы тұлғаның есімін берген едік. Былтыр Кеңес одағының батыры, Армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың бір ғасырлық мерейтойына арналған бірқатар іс-шара өткізілді. Біздің әр қадамымыз – осы тұлғалардың батырлығына тағзым. 80 жыл бұрын жауынгерлер Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов Берлиндегі Рейхстагқа ту тікті. Олардың әрекеті ерлік пен жанқиярлықтың, Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаттың шынайы көрінісі еді. Рейхстагқа ту тіккен біздің батыр бабамыз тек соғыс батыры емес, ол – шынайы патриотизмнің, қайсарлық пен жасампаздықтың символы», - деді ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.

Ерлікке құрмет ретінде мектептің алдындағы тақтайшаға гүл шоқтары қойылды. Батырды еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды.

Іс-шарада Ұлттық Әскери-патриоттық орталығы ансамблінің солистері ән шырқап, Аманжол Унисбаев жетекшілік ететін «Батырлар» клубының мүшелері өнер көрсетті.