Меркіде ер адам билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін сотталды

Бүгін, 17:44
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
views43
Меркіде ер адам билік өкіліне қатысты күш қолданғаны үшін сотталды
Фото: freepik.com

️Меркі аудандық соты билік өкіліне қатысты күш қолданды (ҚК 380-бабының 3-бөлігі) деп айыпталған Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz Меркі аудандық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«Сотталушы Н. Меркі ауданындағы «Көк-көл» демалыс аймағында екі танысымен бірге ішімдік ішіп демалған. Олардың арасында жанжал туындап, ары қарай ол төбелеске айналды. Осы уақытта оқиға орнында аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы М. болды. Ол Н.-ның іс-қимылының жолын кесу бойынша шаралар қабылдап, онымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Алайда, сотталушы Н. түсіндірмелерді назарға алмай, жәбірленуші М.-нің бетінен қасақана соққы берді. Нәтижесінде ол жеңіл дене жарақатын алды», - делінген хабарламада. 

Сотталушының кінәсі оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен және бетпе-бет беттестіру хаттамасымен толық дәлелденді.

Сот кінәні мойындауды, айыпталушының 3 баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Ал қылмыстық құқық бұзушылықты масаң күйінде жасауды сот ауырлататын мән-жай деп таныды.

️Сот үкімімен Н. ҚК 380-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

 Үкім заңды күшіне енді.