Анна Данилина Токиодағы турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Токио (Жапония) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жарыстың 3-ракеткалары Анна Данилина – сербиялық Александра Круничпен бірге бастапқы кездесуін мексикалық Джулиана Олмос – индонезиялық Алдила Сутджиаджимен өткізді.
Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған матч Данилина мен Круничтің айқын басымдылығымен аяқталды – 6:1, 6:3.
Анна Данилина – Александра Круничтің келесі қарсыластары кейін анықталады.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакинаның Токиодағы алғашқы қарсыласы бүгін белгілі болды.
Әлемнің 22-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандес бірінші айналымда рейтингіде 54-орындағы грекиялық Мария Саккариді 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңді. Осылайша, Рыбакина екінші айналымда Фернандеспен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 76-ракеткасы Юлия Путинцева Гуанчжоу (Қытай) WTA 250 турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 165-сатыдағы ресейлік Алина Корнееваны жолдан тайдырды – 7:6 (7:2), 4:6, 6:4. Аса тартысты өткен бәсеке 2 сағат 28 минутқа созылды.
Путинцева ширек финалға шығу үшін әлемнің 96-ракеткасы, германиялық Элла Зайдельмен таласады.



