Сотталған адамдарды бақылауға арналған мобильді қосымша құрылды

Целиноград ауданының прокуратурасы мен аудан әкімдігі бірлесіп, пробация және сотталған адамдарды бақылау жүйесінде пайдалануға арналған ортақ бағдарламалық өнімді іске асырып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған жүйе бақылау, талдау және есептілік жүргізу процестерін автоматтандыруға бағытталған, жазаны орындау барысын қадағалауда ашықтықты қамтамасыз етеді.
Мобильді қосымшаның артықшылықтары:
− орналасқан жерді және шектеулердің сақталуын қашықтан бақылау;
− жеке тұлғаны және белгіленген аймақта болу фактісін жедел фотофиксациялау;
− тексерулер туралы автоматтандырылған хабарландыру және еске салу;
− дәлелдемелік базаны құжаттау және сақтау (фото, координаттар, уақыт белгілері);
− сондай-ақ қызметтік пайдалану үшін есептерді қалыптастыру.
Аталған қосымша электрондық бақылау құралдарына (браслеттерге) тегін балама болып табылады, бұл «қылмыскер» деген таңбалауды болдырмауға мүмкіндік береді.
Жүйе тәулік бойы жұмыс істеуге арналған, географиялық тұрғыда бөлінген пайдалануды қолдайды және облыстық немесе республикалық деңгейде ауқымдауға мүмкіндік береді.



