Су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға дейін көбеюі мүмкін

Бүгін, 12:12
Нұрдәулет Кәкіш Нұрдәулет Кәкіш
views67
Су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы 50 пайызға дейін көбеюі мүмкін
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Республика күні қарсаңында «Қазсушар» РМК-ның «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы мамандарына жаңа арнайы техниканың кілттерін табыстау кезінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазіргі уақытта филиалға жүк көліктері, тракторлар, тартқыш көліктер, экскаваторлар, мотоциклдер және басқа да техникаларды қосқанда жиыны 47 техника жеткізіліп отыр.

Жалпы, филиал 73 арнайы техникамен қамтамасыз етілмек. Республика көлемінде «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдарына 757 жаңа техника беру жоспарланған, қазірдің өзінде соның 524-і жеткізілген.

Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада министр Алматы облысының су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстады.

«Жаңа әрі заманауи техника филиалдардың жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Министрлік берген жабдықтар мен автокөліктер қазірдің өзінде гидротехникалық нысандарды жөндеу, салу және тазалау жұмыстарына пайдаланылып жатыр. Сонымен қатар біз су саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және олардың мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл «Табиғи монополиялар туралы» заңға су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін арттыруды көздейтін өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ министрлік мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Нұржан Нұржігітов «Алматы облысы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Қазсушар» РМК өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кездесуде су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау мәселелері, сондай-ақ 2026 жылғы суару маусымына дайындық барысы талқыланды.